Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елордадағы 10 мектепке ұлтқа еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың есімі берілді

Опубликовано:

Мектеп
Фото: astana.gov.kz

Елордадағы 10 мектеп пен 2 мәдениет мекемесіне тарихи тұлғалардың есімі берілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Facebook парақшасында хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Басқарма басшысы ономастикаға қатысты жағымды жаңалықпен бөлісе отырып, оның жазушы Мұхтар Әуезовтің 124 жылдығына сый болғанын атап өтті.

Бас қаладағы мектептер мен мәдениет мекемелеріне қазақ ақын-жазушылары мен ұлтқа еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың есімі беріліп отыр.

"Елордамыздың 10 мектебі мен 2 мәдениет мекемесіне тарихи тұлғалардың есімін беру туралы Қазақстан Республикасы үкіметінің 2021 жылғы 23 қыркүйектегі № 669 қаулысы шықты. Мұны мекеме ұжымдары, ғалымдар, зиялы қауым, жалпы көпшілік көптен күтіп жүр еді.

Сонымен: № 35 мектеп-лицейге Нəзір Төреқұловтың, № 51 мектеп-гимназияға Мұстафа Шоқайдың, № 53 мектеп-лицейге Бауыржан Момышұлының, № 54 мектеп-лицейге Ақселеу Сейдімбектің, № 61 орта мектепке Қаныш Сəтбаевтың, № 67 гимназияға Ілияс Есенберлиннің, №74 мектеп-гимназияға Мұқағали Мақатевтың, № 78 мектеп-гимназияға Смағұл Сəдуақасұлының, № 86 мектеп-гимназияға Мұхтар Әуезовтің, № 90 гимназияға жазушы Қайым Мұхамедхановтың, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясына Еркеғали Рахмадиевтің, Нұр-Сұлтан қаласы əкімдігінің "Nomad City Hall" театрына Əзірбайжан Мəмбетовтің есімі берілді. Құтты болсын!", - деп жазды Сәкен Есіркеп.

Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы алдағы уақытта әлі біраз мектеп пен мемлекеттік нысанға ірі тұлғалардың атын беру жоспарланып отырғанын атап өтті.

Бұл жаңалықты желі қолданушылары қуана қабылдады.

"Құтты болсын! Тамаша жаңалық! Тарихи тұлғалардың есімін есте қалдырудың қолда бар үлгісі де осы, жарасымды", " Құтты болсын, халық үшін еңбек еткен тұлғалар ұрпаққа аманат", - деп пікір жазды олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934337-elordadagy-10-mektepke-ultqa-enbegi-singen-tarixi-tulgalardyn-esimi-berildi/

pixel