Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тұрмыс құрғалы өнерді ұмыттым": Желіде хит болған "бұлбұл" келін өз арманын айтты

Опубликовано:

Гүлбақыт Ерікқызы
Фото: instagram/gulbakyt_zhanbyrbaevа

“Бұлбұл” әнін орындап, әлеуметтік желіде хит болған Гүлбақыт Жаңбырбаева Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Шилі ауылында тұрады. Болашағынан көп үміт күттірген әнші Express Qazaqstan тілшісіне берген сұхбатында тұрмыс құрғалы бері өнерінің тұралап қалғанын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Басылымның мәліметінше, Гүлбақыт Жаңбырбаеваның жасы 28-де, ата-енесінің қолында тұрады. Ол әлеуметтік желі арқылы бір күнде танымал болып шыға келгенін кездейсоқтыққа балайды.

"Шилі деген ауылда туысымыздың баласы үйленіп, той болған. Сол тойда туыстарым қолқа салып ән айтып беруімді сұрады. Ал видеосы осыншама тарап кетеді деп ойлаған жоқпын", - дейді Гүлбақыт.

Гүлбақыт Арқалықтағы мемлекеттік педагогикалық институтты тәмәмдаған. Мамандығы — дирижер. Бірақ өзінің айтуынша, тұрмыс құрғалы өнерді тастап кетіпті.

Кезінде Республикалық байқауларда бақ сынаған әнші бүгінде той-томалақтарда ғана ән айтып жүргенге ұқсайды.

"Тұрмысқа шыққанға дейін тойларға шығатынмын. Республикалық байқауларда жүлделі орындар алып жүрдім. Қазір декреттемін. Екінші баламызды күтіп отырмыз. Туыстардың тойларында ара-тұра ән айтқаным болмаса, өнерді мүлдем ұмыттық қой", - дейді ол сұхбатта.

Гүлбақыт болашақта өнерін дамытып, үлкен сахнаға шыққысы келетінін айтады. Алайда сол арманы ауылда қалып қоя ма деп алаңдайды.

"Ән жаздыру үшін ақша керек. Ауылда тұрған бізде ондай мүмкіндік қайдан болсын. Демеуші болса, отбасыммен қалаға алып кетсе деп армандаймын. Сахнада жүргім келеді, ән салғым келеді", - дейді "бұлбұл" келін атанған әнші.

Айта кетейік, ауылдағы тойда Латиф Хамидидің әйгілі "Бұлбұл" әнін шырқаған қарапайым келіншектің даусына көпшілік тәнті болғанын жазған едік. Видео әлеуметтік желіде жылдам таралып кетті.

Материал авторы: Ержан Шайжан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935959-turmys-qurgaly-onerdi-umyttym-zelide-xit-bolgan-bulbul-kelin-oz-armanyn-aitty/

pixel