Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысында тағы жарылыс болды: Тұрғындар өздерін басқа жерге көшіруді талап етті

Опубликовано:

Видеодағы кадр
Видеодағы кадр: куәгерлер

Жамбыл облысындағы әскери бөлімде жиі қайталанатын жарылыстан әбден мезі болған Қайнар ауылының тұрғындары басқа жерге көшіруді талап етуде. Олар жексенбі күнгі жағдайдан қатты шошынып қалған деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Жексенбі күні таңғы сағат жеті шамасында Байзақ ауданындағы әскери бөлімде тағы да жойқын жарылыс болды.

Гүрс еткен дауысты естіген тұрғындар ұйқыдан тұра сала жан-жаққа қаша жөнелген. Кейін бәрі басылған соң баспаналарына қайта оралды. Ал шұғыл жиналған әскерилер мен шенеуніктер жұртты сабырға шақырып әлекке түсті.

Олардың сөзіне сенсек, бұрынғы өрттен зақымдалған оқ-дәрілер жарылыпты. Бұған дейін "қорқуға еш негіз жоқ деген" билік өкілдеріне тұрғындар "енді сенбейміз" дейді.

"Енді тағы қайталанатын болса, бізді көшірсін басқа жаққа. Ақыры өздері сенімсіз. Көшірсін, бұл жерде тұрмаймыз. Қалатындар қала берсін, әркімнің өз еркі", - деді Қайнар ауылының тұрғыны Жанар Сүйіндікова.

Ресми мәліметке сүйенсек, ешбір адам жарақат алмаған және ешқандай ғираматқа зақым келмеген. Бірақ тұрғындар кейбір үйдің терезелері сынғанын көрсетті.

Жергілікті билік жұртқа қауіп бар екенін түсінген тәрізді. Өйткені Қайнар ауылынан тұрғындар түгел шығарылған. 37 адам туыстарын паналауға мәжбүр. Тіпті елдімекендегі қираған баспаналарды қалпына келтіру жұмыстары да уақытша тоқтады.

"Қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Жоспарлы жарылыстар болуы да мүмкін. Соған байланысты әзірге тұрғындарды ішке кіргізбейміз. Яғни бір мезетте үйінділерді жару бойынша шаралар қабылданып жатыр", - деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл.

Тау болып үйілген зақымдалған оқ-дәрілерді жойып жіберу көзделген. Алайда ол үшін құрылған арнайы комиссия шешім шығаруы тиіс. Тек содан кейін жұмыс жүзеге асырылады. Ал әзірге елдімекен тұрғындары жақындарының үйінде жүре береді. Қашан өз баспанасына оралатыны белгісіз.

Әскери бөлімнің маңына қазір ешкімді жолатпай жатыр. Кешегі жарылыстан соң қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Қайнар ауылына кіре берісте болок-бекеттер қойылып, полицейлер ертелі кеш күзетіп тұр. Арғы бетке қарай ешкімді өткізбей жатыр.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды.

Одан бөлек, 29 тамыз елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936572-zambyl-oblysynda-tagy-zarylys-boldy-turgyndar-ozderin-basqa-zerge-kosirudi-talap-etti/

pixel