Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елордада жол апатынан қаза тапқан 19 жастағы жігіттің әкесі қазақстандықтарға үндеу жасады (видео)

Опубликовано:

Еркеғали Кержікеев
Еркеғали Кержікеев. Фото: paryz.kz

Елордада қозғалыстың қарсы бетіне шығып кетіп, жол апатына түсіп қайтыс болған 19 жастағы жігіттің әкесі қазақстандықтарға үндеу жасады. Ер адам марқұм ұлы туралы негативті ақпарат таратпауды сұрайды деп хабарлайды Paryz.kz.

Еркеғали Кержікеевтің басылымға хабарлауынша, ол Сарайшық көпіріндегі қайғылы жағдай үшін ұлын кінәлі деп санамайды.

"Бұл ауыр қаза. Мұны ешкімнің басына бермесін. 20 жыл бойы баламызды өсіріп, міне одан айырылып қалдық. Адамдардың сондай ауыр сөздері жаныма батты. Оқиғаның байыбына бармай, үйінде отырып, небір сөздер айтатындар бар. Ұлымның анасына онсыз да ауыр. Оның өзін о дүниеден әрең қайтарып алды. Ал олар болса, аузына келгенді айтып отыр. Менің баламды білетіндер - оның алтын, жақсы жігіт екенін біледі.

Ол еркін күрес бойынша спорт шеберлігіне үміткер. Заң факультетінің үшінші курс студенті болды. Прокурор болуды армандады", - деді Кержікеев.

Ер адам ұлының көлік айдағанын, алайда оның өте тәрбиелі болғанын айтты.

"Егер жігіт үшінші курсында Toyota Camry XV70 мінсе, бұл оның жаман жігіт екенін білдірмейді. Ол өте тәрбиелі жігіт. Екінің бірі біз секілді ұлын тәрбиелеп өсіре алмайды. Оны біз барынша жақсылыққа баулыдық. Оның достары да өте көп еді. Бұған жерлеуге келген қалың адам айғақ бола алады. Бұл біз үшін орны толмас қаза, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес", - дейді әкесі.

Одан бөлек, ер адам іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын, нәтижесінде оқиғаның мән-жайы анықталатынын айта кетті.

"Тергеу жүріп жатыр. Апатты жағдай туғызды деген күдікті қамауға алынды. Оған тергеу кезінде екі айда қамауда ұстау санкциясы берілді. Егер ол расымен де кінәлі болса, жазасын өтейді. Мен өз ұлымды кінәлі деп санамаймын. Мінсіз адам болмайды, бірақ ол ішпеді, шекпеді, режиммен өмір сүрді. Оның тағдыры осындай болды", - деді әкесі.

Үндеу соңында Кержікеев жол апатынан қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтты.

"Бұл жол апатынан басқа да жастар көз жұмды. Біз қатты қайғырып отырмыз. Олардың туыстарын жақсы түсінеміз. Олардың өмірі алда еді. Марқұмдардың отбасына көңіл айтамыз", - деді Кержікеев.

Еске салсақ, қайғылы жағдай түнде Сарайшық көшесіндегі көпірде болды. Toyota Camry тізгіндеген 19 жастағы жігіт қатты жылдамдықпен келе жатып қарсы жолаққа шығып кеткен. Оның көлігі Nexıa көлігімен бетпе-бет соғылды. Салдарынан бес адам оқиға орнында ажал құшқан: екеуі – жүргізуші, үшеуі – жолаушы.

Тағы бір адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1936573-elordada-zol-apatynan-qaza-tapqan-19-zastagy-zigittin-akesi-qazaqstandyqtarga-undeu-zasady-video/

pixel