Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде Оразалинмен іссапарға шығып, мүгедек болып қалған жүргізуші көмек сұрады

Опубликовано:

Әмірхан Тәшкеев
Әмірхан Тәшкеев. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы әкімдігінің жүргізушісі болған Әмірхан Тәшкеев көпшілікке бүгінгі жағдайын айтты. Екі жыл бұрын облыс әкімі Оңдасын Оразалинге ілесіп, іссапарға шыққан жүргізуші 1 топ мүгедегі болып қалған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жол апатынан кейін омыртқасы зақымданып, екі жылдан бері ем алып жатқан жүргізушіге әкімдік биыл бес қабатты үйден бір бөлмелі пәтер берген.

Лифтісі жоқ үйдің бесінші қабатында тұратын бірінші топ мүгедегінің далаға кіріп шығуы мұң. Жуынатын бөлмесі де жабдықталмаған. Өзі енді ғана қозғалып, аяғын әрең басып жүрген азамат үшін жуынатын бөлмеге ванна орнатып, үйдің ішкі есіктерін салып алу қиынға соғып тұр.

Оның үстіне апталдай азамат мүгедектік үшін берілетін 60 мың теңге жәрдемақыға қарап қалған.

"Осыдан екі жыл бұрын 2019 жылдың қаңтар айында облыс басшысы Оңдасын Оразалинмен бірге Шалқар, Ырғыз ауданына іссапармен шыққанда жол апатына түстім. Осы уақытқа дейін жағдайымды жасап, қарасқан Оңдасын Сейілұлына алғысымды айтамын. Маған баспана берді.

Енді осы үйдің азын-аулақ істелмей тұрған шаруалары бар. Әкімнің қасындағы көмекшілері мен қызметкерлеріне жағдайымды айтсам, бүгін-ертең деп ешқандай жағдай жасап жатқан жоқ. Бірінші топ мүгедегімін. Маған берген үйдің ваннасы, есіктері жоқ. Облыс әкімінен осы мәселені шешіп беруді сұраймын",- дейді Әмірхан Тәшкеев. 

Әмірхан Тәшкеев
Әмірхан Тәшкеев. Фото: KAZ.NUR.KZ

Әкімнің көмекшілері мен кеңесшілері арқылы тілдесу мүмкін емес екенін айтқан жүргізуші осы сұхбаты арқылы жағдайын жеткізуді өтінді.

Айтуынша, бесінші қабаттағы бір бөлмелі пәтерде жалғыз тұрады. Науқасқа әлеуметтік қызметкер көмектесіп жүр. Өзі азын-аулақ жәрдемақыға газ плита, үйге жиһаз сатып алған.

"Денсаулығым бұрынғыдан жаман емес, жақсы. Қазір өздігімнен жайлап отырып-тұрып тамақ ішіп жүрмін. "Жүз пайызға жағдайым дұрысталды, аяқ-қолым жазылып кетті" деп өтірік айта алмаймын. Күнделікті тамағымды ішіп, үй ішінде аздап қозғалып жүрмін. Әкімшілікте ұзақ жыл еңбек еттім. Қазір мүгедекпін",- дейді бүгінгі күні арбаға таңылған жүргізуші.
Фото
Фото: KAZ.NUR.KZ

50 жастағы азамат жиырма жыл жүргізуші болып еңбек еткен. Өзін арбаға таңған оқиғаны еске алған ол боранды күні жолға шығуға бұйрық алғанын айтты.

"Әкіммен іссапарға шыққан күні журналистер мінген хайс көлігін айдадым. Мен бірінші дәрежедегі жүргізуші едім. 20 жыл еңбек өтілім болды. Өмірімде бірінші рет осындай оқыс оқиғаға тап болдым. Сол күні ауа-райы дала көрінбейтіндей жауын-шашын, қар аралас жаңбырдан кейін жер тайғақ болып тұрды.

Басшылар бұйрық шығарып, іссапар құжаттарымды дайындап берді. Облыс әкімімен іссапарға баратынымыз әр уақытта 2-3 күн бұрын көлік жүргізушілеріне хабарланады. Маған да Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлымен Ырғыз және Шалқар аудандарына іссапармен баратыным ескертілді.

Сол күні дала боранды, көру деңгейі төмен, ара райының қолайсыз болуына қарамастан жолға шықтық. Қаладан полиция қызметкерлері ілесіп алып шығарды. Қарабұтақ пен Ырғыз ауданының аумағында жол апатына ұшырадым. Міне, бүгінгі жағдайым осы. Берген үйлерін дұрыстап аяқтап берсе екен деген тілегім бар еді",- деді Әмірхан Тәшкеев.

Жүргізушінің жағдайын айтып, облыс әкімдігіне хабарласқанымызда жуынатын бөлмені жабдықтап беруге уәде берді.

"Жуынатын бөлме толық жабдықталады. Бұл туралы басшылыққа хабар беремін. Негізінен ол кісі алғашында несие жауып беру туралы көмек сұрады. Демеушілер арқылы Евразия банкіндегі 780 мың теңге көлеміндегі несие жабылды. Мүгедектікке шығу туралы құжаттарын рәсімдеуге көмектестік. Әлеуметтік қызметкер тағайындалды. Екі рет тірек қимылдарын емдеуге арналған арнайы орталыққа жібердік. Қателеспесем, ол кісі биыл көктемге дейін бұрын жұмыс істеген жерінен жалақы алып келді",- деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғани Жәпішев.

Айта кетейік, 2019 жылы Ақтөбеде облыс әкімімен аудан аралауға шыққан бір топ журналистер мінген хайс көлігі жол апатына ұшырады. Оқиғадан жүргізуші омыртқасынан зақымданды.

Жол апатына түскен журналистер қатарында KAZ.NUR.KZ тілшісі Ардақ Ерубаева да болды. Ол кеуде қуысынан соққы алып, миы шайқалған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936679-aqtobede-orazalinmen-issaparga-sygyp-mugedek-bolyp-qalgan-zurgizusi-komek-surady/

pixel