RU

"Ешкім еріккеннен бармайды": Кореяда жұмыс істеген шымкенттік әйел жат елдегі тағдырлар туралы айтты

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: Fergana

Шымкенттік келіншек екі қызымен бірге Оңтүстік Кореяға барып, үш айда 3 миллион теңге табыс тауып қайтқан. Бұл туралы ол Замана басылымына берген сұхбатында мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың шетелге не үшін кеткенін де жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Осыдан үш-төрт жылдай бұрын елдің бәрі Кореяға ағылып, жап-жақсы қаражат тауып келіп, материалдық жағдайларын түзеп жатты. Содан елдің істегенін біз неге істемейміз? Бір жағы табыс тауып, бір жағы ел көріп, жер көріп, қыдырып қайтпаймыз ба деп ойландық. Сол жақта жұмыс істеп жүрген танысымыз бар еді. Сонымен сөйлесіп, ақыры баратын болып шештік. Сеулге Ташкент арқылы ұштық. Әуежайдан түскен соң бізді біраз тексеріп, бір қызымды алып қалған. Қуанышқа қарай, оны турист деп ойлап, қайтадан жіберіпті. Осылайша, екі қызыммен Сеулде тоғыз сағаттық жердегі ауылда қауын тердік", - дейді ол.

Сондай-ақ, келіншек Кореядағы қазақтардың тағдыры туралы да сөз қозғады.

Жұмысқа барсақ, бір ауыл кәдімгі өзіміздің Ақсукенттің адамдары. Қазақ-өзбек аралас. Ішінде жиырма жылдан астам сол жерде тұрып, жұмыс істеп жатқандары да бар екен. Ең аз дегендерінің өзіне алты-жеті жыл болып қалыпты.
«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген бар емес пе? Сол айтқандай қай бір шекесі шылқып барғандар дейсіз. Неше түрлі тағдыр барын сол жерде жүргенде білдім. «Адам ит жанды» деген рас екен ғой. Басына түссе бәріне көнеді екен. Көнбегенде не істейді? Сол бастарындағы қиындықтарынан құтыламыз деп шетел ауып, үй бетін, тіпті біреулері бала-шағасы мен дүниеге келген немерелерін көруге зар болып, бас көтермей жұмыс істеп жатыр.
Бір кісі түрмеге түсіп қалған баласын шығарып алу үшін жұмыс істеп жатыр екен. Енді бірі осында жұмыс істеп, жиған ақшасына елге барып үй сатып алғысы келетінін айтты. Үйсіз-күйсіз, пәтер жағалап, әркімнен ұрыс естіп шаршағанын да жасырмады. Көлік алмақ боп жұмыс істеп жүргендер де көп. Бизнес ашпақ болып, банктен көп мөлшерде несие алып, бастаған ісі жүрмей банкротқа ұшырап қалғанын айтып бір адам шағынды. Несиесін жабу үшін шетел асуына тура келген.
Айта берсем, осындай әңгімелер өте көп. Көбіне әйелдер, он сегіз, он тоғыз жастағы қыздар жүр. Әйелдер отбасының бір жыртығын жамасам деп тыраштанса, қыздар көлік мінсем дейді. Әке-шешесіне көмектескісі келетінін айтады. Әйтеуір ешкім еріккеннен шетел асып жұмыс істемейтініне көзім жетті. Алматы мен Шымкенттің, Ақсукент пен Сайрамның адамдары көп. Өзбекстандықтар да бар",- дейді ол.

Сөз соңында екі қызымен бірге үш айда үш миллион теңге тауып, елге оралғанын айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937003-eskim-erikkennen-barmaidy-koreyada-zumys-istegen-symkenttik-aiel-zat-eldegi-tagdyrlar-turaly-aitty/