Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістанда мектеп оқушысы қайтыс болды: дәрігерлер марқұм жайлы тың дерек ұсынды

Опубликовано:

парта
Көрнекі фото: Sputnik / Владислав Воднев

Түркістанда ауыр жарақатпен ауруханаға түскен 5- сынып оқушысы қайтыс болды. Жеткіншектің туыстары бала мектептегі әлімжеттіктен көз жұмғанын айтады. Қапыда қайғы жамылған отбасы мүшелері мен туыстары мектепке келіп, әділдік талап етті деп хабарлайды Хабар 24.

Әлімжеттіктен көз жұмды деген 5- сынып оқушысы білім алған мектепте тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған кінәлі деген баланың ата-анасы мен туыстары да тартылған. Қара жамылған отбасының мүшелері білім ошағына барып, кінәлілерді анықтап, жазалауды талап етіп отыр. Сыныптасы ұрып-соқты деген 10 жасар Рамазанның қалай ауырып, қиналғанын нағашы әжесі айтып берді.

"Мені дәретханада ұрды деді де, балам дем ала алмай қалды. Тыныс жетпей жатыр. Аузынан көбік ағып жатыр. Қызыма хабарластым, жедел жәрдем шақыр, мына бала болмай жатыр дедім.

Жедел жәрдем келді, баланы көрді де тыныштандыратын екпе салды. Бірақ оған бала тынышталмады. Ыстығы 40-тан асып кетіпті. Апа бұл болмайды, біз ауруханаға алып кетеміз деп, ауруханаға алып келді. Балам сонда үзілді",- деді Гүлнәр Маханова.

Рамазанның денесін туыстары жақында жер қойнына тапсырды. Өткен жұма күні мектепке сап-сау кеткен бала кешке үйіне мазасы болмай оралған. Денесін ауырсынып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүрген.

Ал дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке барған бала үйге келісімен тағы да құлайды. Әдетте ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін жайып салыпты. Оны дәрігерлер де растап отыр.

"Ол соққыға жығылған соң шамалы психомоторлы қозуы болған. Шошып оянып, психикалық ақау белгілері болған. Бас мидың жабық жарақаты, бас мидың соғылуы, ісінуі, ми бағанының қысылуы, сөйтіп аспирациялық синдром туындауы деген диагноз қойылды, сот - медициналық сараптамаға өткізілді", - деді қалалық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жанат Букебаева.

Ал мектеп басшылығы білім ошағында әлімжеттік жоқ деп отыр. Олар істің анық-қанығын тергеу анықтайды деді.

"Мектепте әлімжеттік деген мәселе болған емес. Бізде сол бойынша мектептегі тәрбие бөлімі жұмыс істейді. Бұған дейін ондай нәрсе болған емес. Ешқандай ата-анадан шағым түскен жоқ",- деді №18 мектеп-гимназиясының директоры Уәлихан Бейсенбаев.

Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. Көптің көкейіндегі күдік соттың сараптамасынан кейін сейіледі.

"Қазіргі таңда Түркістан қалалық АБ қызметкерлері тарапынан тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптаманың қортындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады",- деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.

Ал жәбірленуші тарап мектеп дәретханасында соққыға жығылған оқушыға бас-көз бола алмаған білім мекемесі басшылығынан бастап, барлығы тексерсін деп талап қойып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937228-daretxanada-urdy-dedi-turkistanda-auyr-zaraqatpen-auruxanaga-tusken-oqusy-koz-zumdy/

pixel