RU

Құрмет Талапқазы: Қанат Ислам құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге 1,5 млн теңге көмек берді

Құрмет Талапқазы
Фото: Құрмет Талапқазының жеке мұрағаты

Боксшы Қанат Исламның қайырымдылығы жайлы KAZ.NUR.KZ тілшісіне белсенді Құрмет Талапқазы айтып берді. Жаз бойы қуаңшылықпен күресу үшін асарлатып шөп орып, ел аралаған ерікті күні кеше Шымкентке оралды.

Құрмет Талапқазы қыс түспей Маңғыстау мен Аралға тағы да жем-шөп жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Ол бірнеше ай еліміздің солтүстігі мен шығысында болып қайтты.

"Ұлы даланы аралап, Маңғыстаудағы, Аралдағы ел жағдайы үшін барлық жерді аралап міне Шымкентке келдім. Ел болып, жер жер болып жұмысты қолға алу үшін бір кісілер саудаға шақырып жатыр, құрылысқа шақырып жатыр. Жұмыс жасайық деп. Бірақ мен өз басым елдік мүдде үшін өзімді жұмысқа да, құрылысқа да сатқым жоқ. Қостанайда біраз ел бос жатқан жерін берді. Петропавлда, Шығыс Қазақстанда да бос жатыр. Оңтүстікте тығыздалып отырғанша, Алматыға барып тығыла бергенше сол жаққа көшіп, жұмысты қолға алу ойымызда бар", - дейді Құрмет.

Еріктінің бастамасымен жасалған ең соңғы көмек Қостанай өңірінен болған. Құрмет Талапқазы көптен бері көрінбей кеткендіктен өзінен шөптің жайын сұрап жатқан адамдардың бар екенін алға тартады.

"Маңғыстау мен Аралға 12 вагон шөп жібердік. Оған қаржылай көмекші болған Қанат Ислам ағамыз. 1,5 миллион теңге ақша берді. 10 вагонды өзіміз сатып алдық. Және де өзіміз басып, өзіміз тасып жібердік. Шөп не болды деп сұрап жатқандарға айтарым осы", - деді Құрмет.

Белсенді жігіт алдағы уақытта ұлтжанды кәсіпкерлерден қолдау сұрамақшы.

"10 вагон болсын, 20 вагон болсын жем-шөп дайындап, 1-2 апта көлемінде жіберу керек. Соған елжанды ағалар қолдау білдірсе екен", - деген өтінішін де айтты Құрмет Талапқазы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937956-qurmet-talapqazy-qanat-islam-qurgaqsylyqtan-zardap-sekken-onirlerge-15-million-tenge-komek-berdi/