"Не керегі бар сонша": Даулы видеодағы шымкенттік зейнеткер телефонын полицейге өзі бергенін айтты (видео)
Жарияланған күні:
Желіде арты дауға айналған видеоның басты кейіпкері адамдардың өзіне назар аударғанына қарсы екенін айтты. Шымкенттік зейнеткер жоқ жерден шу шығып кеткеніне таңғалып отыр деп хабарлайды Otyrar.kz.
Қазақстандықтардың ашуына тиген полицейлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгін желід дау туғызған видеоға қатысты Шымкент қаласы полиция департаменті тәртіптік кеңестің отырысын өткізді. Оқиғаның бас кейіпкері отырысты камераға түсіруге қарсы болған. Ол видеоға байланысты дау туғанын қаламаған. Алайда отырыс басталмастан бұрын әжей телеарнаға сұхбат беріп, оқиға жайында өз ойын білдіріп үлгерді. Зейнеткер өзінің кінәсі бар екенін, телефонын ешкім тартып алмағанын, оны полицейге өзі бергенін, ал шу жасағандардың оқиғаны сыртынан көрген адамдар екенін айтты.
"Не керегі бар сонша бір қылмыс жасалғандай?! Өзім кінәлімін. Адам заңға бағынуы керек. Базардың сыртында емес, ішінде сату керек. Мен онда жаңғақ апарып саттым. Екі рет полицейлер ескерту жасады, бірақ мен жөнді естімеймін. Тағы бір айналып келгенінде мен оған телефонымды өзім беріп, ұлыма хабарласуын өтіндім. Бар болғаны сол. Айтарлықтай ештеңе болған жоқ. Содан соң мен кетіп қалдым. Адамдарға тамаша керек, сөйтіп бәрі жиналып алған", - деді шымкенттік зейнеткер.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласы полиция департаменті оқиғаның мән-жайын түсіндірген болатын. Олардың айтуынша, қаладағы әл-Фараби ауданында полиция қызметкерлері белгіленбеген орында сауда жасаудың алдын алу үшін рейд жүргізген. Сондай-ақ, департамент видеожазбадағы полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізілетінін де хабарлады. Артынша видеоға қатысты Шымкент полиция департаментінің орынбасары Алмас Әмзеев түсініктеме берді. Тәртіптік комиссияның шешімімен мемлекеттік қызметшінің әдеп нормасын бұзғаны үшін қызметкерлердің бірі қызметіне толыққанды сәйкес еместігі туралы ескерту алды, екіншісіне ескертпе жасалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938797-ne-keregi-bar-sonsa-dauly-videodagy-symkenttik-zeinetker-telefonyn-policeige-ozi-bergenin-aitty-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.