Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ жастарының Хэллоуин мерекесін тойлағаны дұрыс па: Білім министрлігі мен діни басқарма жауап берді

Опубликовано:

Хэллоуин
Көрнекі фото: pixabay.com

Соңғы жылдары елімізде батыстан келген Хэллоуин мейрамы кеңінен тойланып жүр. Оны балабақша жасындағы балалардан бастап, мектеп оқушылары мен ересек адамдар да асыға күтетін болған. Мейрамға қызығушылардың қатары жыл санап артуда. Оған ақша табу көзі ретінде қарайтын түрлі ұйымдар да қызу дайындық үстінде. KAZ.NUR.KZ тілшісі осыған қатысты Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан мұсылмандары діни басқарманың пікірін білді.

Желіде Хэллоуинді тойлауға шақырған жарнамадан көз сүрінеді. Мейрамға жақын қалғанда қаладағы барлық көңіл көтеру мекемелері Хэллоуинді сылтау етеді. Әсіресе балаларға Хэллоуин пати ұйымдастырушылардың хабарландырулары жиі ұшырасады.

Алматыда балаларға арнап ұйымдастырылатын іс-шараға кіру құны 3000 теңгеден басталады. Ертіп келген ересек адамға кіру тегін. Онда балаңыздың бетін құбыжық етіп бояп, аниматорлармен ойын ойнатады. Қорқынышты костюмдермен фотосессия жасап береді.

Бұдан бөлек желіде Хэллоуинге арналған костюмдер, әшекейлер мен түрлі бұйымдар жоғары сұраныстарға ие.

Елімізде Хэллоуинді жекеменшік білім беру ошақтарының атап өтіп жүргені белгілі.

KAZ.NUR.KZ тілшісі еліміздің Білім және ғылым министрлігінен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан Хэллоуинді мерекелеуге қатысты пікірін сұрады.

Білім және ғылым министрлігі Хэллоуинді тойлауға қатысты нақты тыйымның жоқ екенін алға тартады. Ведомство еліміздің білім беру мекемелерінде жалпы тәрбие жұмысы қалай жүргізілетінін мәлім етті.

"Қазіргі заманда ашық ақпарат көздерін ескере отырып, ақпараттық-технологиялардың дамуына байланысты балалардың қызығушылығы өзгеруде. Еліміздің білім беру мекемелерінде тәрбие жұмысы "Рухани жаңғыру" бағдарламасының жүзеге асуы жағдайындағы тәрбие беру концепциясы арқылы жүзеге асырылады. Іс-шаралар бастысы рухани-адамгершілік бағыты бойынша жоспарланып, жалпы мәдени құндылықтарды қалыптастыруға арналған", - дейді министрлік өкілдері.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат бойынша да, қазақы салт-санада да аталмыш мерекенің елімізге жат екенін айтады.

"Түп тамыры ежелгі Ирландия мен Шотландиядан алынған жын-жыбырлылардың мерекесі Хэллоуин біздің дінімізге де, қазаққа да үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтпаса да түсінікті. Шариғатымыз мұндай мерекелерге тыйым салады. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) кәпір қауымға ұқсап қалудан сақтандырған. Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Кімде-кім бір қауымға ұқсағысы келсе, ол солардан болады", - деді (Ахмад, Абу Дауыт риуаят еткен)", - дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Мұхамедияр Ыбырайұлы KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген жауабында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939143-qazaq-zastarynyn-xellouin-merekesin-toilagany-durys-pa-bilim-ministrligi-men-dini-basqarma-zauap-berdi/

pixel