RU

Тараздықтар халық санағына белсенді қатысуда (фото)

Тараз қаласының әкімдігі
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Күздің алғашқы айынан бастап елімізде тұтас бір мемлекеттің ішкі болмыс-бітімі, халықтың тыныс-тіршілігі таразыға тартылатын тарихи сәт орын алуда. Олай дейтініміз, он жылда бір рет өткізілетін Ұлттық халық санағы еліміз егемендік алғалы бері осымен үшінші мәрте ұйымдастырылғалы отыр. Үш он жылдықта жеткен жетістігіміз болса, жіліктеп жіпке тізетін, кеткен есеміз болса, кері бұрылып кем-кетігін айқындап алатын сәт бұл.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында Ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесін айта келе, халық санағы тұр­ғын­дардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урбанизация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды талдау деректерін анық­тап, тексерілген әрі дәйекті бас­қа­ру­шылық шешімдер қабылдауға мүм­кін­дік беретінін атап өткен болатын. Сон­дық­тан мәнге де, мазмұнға да бай бұл науқанға біржақты қарауға болмайтыны белгілі.

Тараз қаласының әкімдігі
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

10 жылда бір келетін Ұлттық халық санағы Таразда қарқынды түрде жүргізілуде.  Науқан барысында сауалнама алушылар тек тұрғын үйлерді ғана аралап ғана қоймай, сауда орындары, көпшілік жерлер, саябақтарға да барып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, санақтан өткісі келетін азаматтарға да жәрдемдесуде. Сонымен қатар қоғамдық көліктерде, аяладамаларда, адамдар көп жиналатын орындарға, қала ішінде орналасқан LED экрандарға баннер мен билбордтар ілініп, халық санағы жайлы жан-жақты ақпарат көрсетілген. Ұлттық санақтың маңыздылығын түсініп, оған барынша атсалысып жүрген ерікті жастардың да қарасы қалың. 

Тараз қаласының әкімдігі
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде алдын ала мәліметтер бойынша, бүгінде әулиеаталықтар санаққа белсенді қатысып, алдын ала мәлімет бойынша шаһар тұрғындарының саны қазірдің өзінде 410 мыңнан асуда.

Әулиеатдағы маңызды науқанның жүргізілу барысына тұрғындар да дән риза.

"Халық  санағы басталды дегенді естіген сәтте-ақ онлайн түрде науқанға қатыстым. Қазір технологияның дамыған заманы. Сондықтан санақтың сауалдарына жауап беру еш қиындық тудырған жоқ. Оның үстіне сұрақтар да көңілге қонымды әрі жеңіл. Бұл науқан тек тұрғынардың санын білу үшін ғана емес  халықтың тұрмыс жағдайын зерттеп, қажетті бағдарламаларды әзірлеу үшін де аса маңызды деп ойлаймын. Сол үшін де барша жерлестерімді ұлттық халық санағынан шет қалмауға шақырамын", – дейді шаһар тұрғыны Рыскүл Қасымова.
Тараз қаласының әкімдігі
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Ал зейнеткер Рәтай Есенбаева санақтан оффлайн форматта өткен. Ол үйіне келген сауалнама алушылардың жауапкершілігі мен кішіпейілдігіне тәнті болғанын жасырмады.

"Сауалнама алушылар ең бірінші келгенде үйде ешкім болмады. Біз жоқ болғандықтан есікке байланыс нөмірлерін қыстырып кеткен екен. Сол бойынша хабарласып едік, қазақтың өрімдей ұл мен қызы келіп, халық санағы бойынша біраз мағлұматтар беріп, сауалнама алды. Олардың адамдармен қарым-қатынасы, тіл табысуы сүйсіндірмей қоймайды. Отбасымыздың барлық мүшесі санақ сұрақтарына жауап берді.

Осы елде туып, осында өмір сүріп отырғандықтан мұндай маңызды оқиғалардан сырт қалған жөн емес деп санаймын. Мұны балаларым мен немерелеріме де үнемі айтып отырамын. 30 жылға енді қадам басқан жас мемлекетіміз де әрбір адам зор маңызға ие. Халқымыздың саны көбейсе ғана іргеміз бекіп, алпауыттардың көшіне ілесе аламыз. Осыны жете түсінгендер халық санағына белсене атсалысуы керек", – дейді кейуана.

Тараз қаласының әкімдігі
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Ел тарихындағы үшінші халық санағы биыл екі түрлі форматта өткізілуде. Алғашқы кезеңде тұрғындар sanaq.gov.kz сайты арқылы сауалдарға жауап берсе, келесі кезеңде сауалнама алушылар үй-үйді аралауда.  Екінші кезең қазан айының 30-да аяқталады деп күтілуде. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939670-tarazdyqtar-xalyq-sanagyna-belsendi-qatysuda-foto/