Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұдан басқа ама­лым қалмады": Протезге қол жеткізу үшін қазақстандық ару қандай әрекетке барғанын айтып берді

Опубликовано:

Фото
Мария Ауезова. Фото: Мария Ауезованың жеке мұрағаты

Қазақстандық Мария Әуезова – екі аяғы жоқ болса да, Эвересттің базалық ла­геріне көтеріліп, Кала Паттар шыңына шыққан әлем­дегі тұңғыш әйел. Өзін альпинист деп ата­ған­ды ұнатпайтын Мария рекорд қоюына не түрткі болғанын айтып берді деп жазады Түркістан басылымы.

Мария Әуезованың сөзінше, сегіз жыл бұрын аяғына тропикалық жара шығып, денсаулығы сыр берген. Ол екі жыл бойы дерттен айығудың жолын іздеп, көп елге барып, тексерілген.

"Алайда денеме жабысқан дерт әб­ден асқынып кеткен соң, ампутация жа­сауға келісуден басқа амалым қалмады. Әл­бетте, бастапқыда бұған сенгім келмеді әрі жағдайдың ушығып бара жатқанын көре тұра мұндайға дайын болдым деп айта алмаймын, бірақ менталды тұрғыда бұл қадамға баруға мәжбүр екенімді жақсы түсіндім. Соңында маған көп жақсылық жа­саған дәрігерлер аяғым былай тұр­сын, өзімді аман алып қалу үшін арпалысты. Ба­ғыма қарай, ота сәтті өтті", - деді Мария.

Ол отадан кейін көп салмақ қосқанын, бұған аз қозғалуы себеп болғанын жасырмады. Мария үш жыл үздіксіз жаттығудың нә­тижесінде 136 келіден 62 келіге арықтаған.

Сол кезде протез киіп жүруді мақсат еттім, дейді ол. Алай­да арбаға таңылған алты жыл ішінде түрлі органдарға хат жазып, көмек сұрағанымен, одан нәтиже болмаған.

"Сосын бапкерім Ва­дим өзіңді таныту үшін бір үлкен іс жасау ке­рек екенін айтты. Сөйтіп, алдымен Бурабай тауларына шығамыз деп шештік", - дейді Мария.

Мария протез жасату үшін бұл әрекеті арқылы көпші­лік­тің назарын өзіне аудартқысы келгенін жасырмады.

"Қалай болғанда да менің мәселеме на­зар аударту керек болды, әсіресе ден­сау­лық сақтау саласына жауапты адамдардың көңіл бөлгенін қаладым. Сөйтіп, Бурабай жақ­та орналасқан Жеке батыр, Көкшетау жә­не Бөлектау тауларына шықтым, бірақ сон­да да біз күткен нәтижеге қол жеткізе ал­­мадық.

Сосын ақылдаса келе, Непалға ба­рып, Эверестің базалық лагеріне кө­тері­ліп, Кала Паттар шыңына шығуға бел будық.

Жалпы, мен тауға шығудағы басты мақ­сат протез алу болғанын, бұдан басқа ама­лым қалмағанын әрдайым айтамын. Бірақ көп журналист мұны жазбай қояды. Ақыр аяғында көпшілік танымал болу үшін шыңға шыққан болар деген ой түйеді. Бұл әсте олай емес.

Біз ол жаққа бара­тынымыз­ды ешкімге айтқан жоқпыз, ешқандай мем­ле­кеттік органнан көмек сұрамадық. Бір­неше демеуші мен дос-туыстарымыздың кө­мегіне ғана жүгіндік.

Ақы­рын­да менің шыңға шыққаным ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Сөйтіп, маған журналистер бірінен соң бірі хабарласа бастады. Бұл – қалыпты жағдай. Өйткені журналистердің міндеті – жаңалықты жеткізу. Оның үстіне, біз Қазақстанның көк байрағын өзімізбен бірге алып жүрдік, оны Кала Пат­тар тауының шыңына шығып, желбіреттік. Бұл – біздің ел үшін үлкен мақтаныш. Сон­дай-ақ, Кала Паттар тауына екі аяқсыз кө­терілу мақтанатындай жайт деп ойлаймын", - дейді ол.

Мария Непалдан елге оралған соң, оған Қазақстан ассам­блеясы кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысу мүмкіндігі туған.

"Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өз оқиғамды баяндап, жағдайымды түсіндіріп айтқан едім, ол протез алуға толығымен көмектесетінін айтып, уәде берді. Сөйтіп, ол кісі берген уәдесін орындады.

Осы ретте Елбасының көмегі көп тигенін айта кеткен жөн. Жалпы, маған аяққа жасалатын отаның ең күрделісі – қос тізеден төмен ампутация жасалды.

Тиісінше маған бионикалық әрі құны қымбат протез кию қажет. Қазақстанда жасалатын протездер маған жарамайды. Елбасының қолдауымен маған қажет протезді жасату үшін Мәскеуге барып, арнайы орталықта үш аптадай қаралдым. Сөйтіп, маған арнайы әзірленген протезбен елге оралдым", - дейді Мария.

Сөз соңында Мария шарасыз күй кешіп жүрген жан­дарға өз кеңесін берді.

"Қол қусырып отыр­май, үлкен нәрсені армандау қажет, сосын сол арманды мақсатқа айналдыру керек. Сол арман мен мақсаттың арасындағы табалдырықты аттап өткенде ғана өз жолыңды табасың, өмірге не үшін келгеніңді түсінесің. Аяқ-қолыңыз сал болса да, жан дүниеңіз сау болсын. Адамның мүмкіндіктері шексіз екенін, барлығы өзімізге байланысты екенін жадыңыздан шығармаңыз", - деп сөзін қорытындылады ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939882-budan-basqa-amalym-qalmady-protezge-qol-zetkizu-usin-qazaqstandyq-aru-qandai-areketke-barganyn-aityp-berdi/

pixel