Белгілі тележүргізуші "өмірін түбегейлі өзгертетін" курсқа қатысқан соң не болғанын айтты
Жарияланған күні:
Тележүргізуші Ерқанат Көпжасарұлы қазіргі таңда қоғамда қызу талқыланып жүрген өзекті мәселеге ой қосты. Ол өзі қатысқан "өмірді өзгертетін" психологиялық тренингтен не түйгенін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Журналист желідегі парақшасында сондай бір психологиялық тренингке қатысқан таныстарының қатты өзгергенін байқағанын айтады. Осыдан кейін ол шетелден келіп, тәлім беретіндерді тексеру қажет деген ой түйген.
"Психологиялық тренингтерге аса сақтықпен қарау керек. Бәлкім шетелден келіп біздегілерге тәлім беретіндерді бір жақсылап тексеріп отырған дұрыс шығар. Себебі осындай психологиялық тренинг пен бизнес курстардың біріне барған жақсы таныстарым қатты өзгеріп кетті. Баяғыдан істеп жүрген жұмыстарын тастап, басқа салаға ауысқан. Тіпті, отбасылық өмірлерін де түбегейлі өзгерткендері де бар. Жақсы жағына болса бір жөн ғой. Баласын тастап кететіндерге жүрегім ауырады.
Бұндай курстарда адамның санасына "шешім қабылдай біл" "өміріңді түбегейлі өзгерт" "өзің үшін өмір сүр" деген секілді ұстанымдар сіңіріледі. Айналдырған он күнде курсқа барғандар шынымен адам танымастай өзгеріп шыға келеді. Құдды бір басқа программа орнатылған өзге адам секілді болып кетеді. Бұл он күндік курс екі айдан кейін тағы қайталанады. Осылай үш-төрт рет барады екенсің", - деп жазды ол желіде.
Ерқанат Көпжасарұлы таныстарының қолқа салуымен өзі де тренингке қатысқанын жеткізді.
"Таныстарымның бірі қоймаған соң мен де бардым. Кеңсеге кіргеннен қайта-қайта су береді. Өзімнің суым бар деп ішпей қойдым. Курстан өтпес бұрын алдымен психолог сізбен сұхбаттасады. Жұмысыңыз ұнай ма, бала-шағаңызға көңіліңіз тола ма, арманыңыз қандай деген сияқты түрлі сұрақтар қояды. Мен бәріне бүкпесіз жауап бердім. Өзімнің бақытты екенімді айтып едім, әлгі маман керісінше "сіздің ішіңізде өзіңізге ұнамайтын нәрсе бар" деп айтып қоймады. "Барлық адамда өзіне жақпайтын проблема бар емес пе?"- десем, енді "Соны шешейік", - деп кенедей жабысты. Түсінгенім, негізгі мақсат менің ішімнен әйтеуір бір кілтипан тауып алып соны емдеген болып ақша сору", - дейді тележүргізуші.
Журналист тренингке сенімсіздікпен қарағанын атап өтті. Алайда оны сондай курстарға барып жүргендердің қатары сиремей тұрғаны қынжылтады.
"Мен олардың өзіне "қанша адамды байыттыңыздар, танымалдардан кімдер бар, мықты болсаңдар мынадай тозығы жеткен кеңседе не істеп отырсыңдар" деп әбден сұрақтың астына алдым. Сауалдарыма жауап бере алған жоқ. Ақыры бізге берілген отыз минут ішінде жан дәрігерінің ығыры шықты. Менен құтылуға асықты. Менің де кеткім келді. Содан қайтып мұндай курстарға жолағам жоқ. Бірақ барып жүргендер әлі көп", - дейді Ерқанат Көпжасарұлы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркияға бизнес жасауды үйренемін деп барып, сан соғып қалған қазақ әйелдері туралы жазғанбыз. Олар шетелден тауар сатып алу жолдарын үйрететін курсқа 700 мың теңге төлеп барғанын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940261-belgili-telezurgizusi-omirin-tubegeili-ozgertetin-kursqa-qatysqan-son-ne-bolganyn-aitty/