Президент халықты коронавирусқа қарсы қайта вакциналау науқанына кірісуді тапсырды
Жарияланған күні:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзда өткен моноқалаларды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте тұрғындарды қайта вакциналау туралы сөз қозғады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі Twitter парақшасында хабарлады.
Мемлекет басшысы елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты емес екенін атап өтті. Күніне коронавирустан 30 адамға дейін қайтыс болуда.
"Мұның бәрі вакциналау қарқынының төмендеуіне байланысты болып отыр. 9 айда халықты қамту шамамен 40 пайызды құрады... Елдердің басым көпшілігі тұрғындарды ревакцинациялауға кірісті. Біз вакцинация науқанын наурыз айында бастағанымызды ескере отырып, бізге де ревакцинация жасайтын уақыт келді. Үкімет пен әкімдер тұрғындарды ревакцинациялау науқанына кірісуі тиіс", - деді мемлекет басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге нақты ұстаным жоқ екенін айтқан еді.
"Қазақстанда 89 қала бар. Соның 27-сі немесе 30 пайызы - моноқалалар. Онда 1 миллион 400 мың адам тұрады. Бұл - халқымыздың 8 пайызы. Қазір моноқалалар экономикамызды дамытуға едәуір үлес қосып отыр. Олар өндірістік өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, моноқалалардың экономикасын әртараптандыру айрықша маңызды.
"Басқа да салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу - аса өзекті мәселе. Бізде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ", - деді президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940557-prezident-xalyqty-koronavirusqa-qarsy-qaita-vakcinalau-nauqanyna-kirisudi-tapsyrdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.