Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында дуадан арылу үшін емшіге барған келіншектің оқиғасы жаға ұстатты

Опубликовано:

Емші
Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматы облысындағы ауылдардың бірінде тұратын көріпкелге барған келіншек өз оқиғасымен бөлісті. Жансұлу (кейіпкердің қауіпсіздігі үшін есімі өзгертілді – ред.) барша тұрғындарды, әсіресе, әйел адамдарды емшіге барғанда сақ болуға шақырды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматылық келіншектің көріпкелге баруына туысқандары ықпал еткен. Себебі, олар Жансұлуға тіл-көз өткенін айтып, сұқ көзден сақтану үшін дем салдырып, емделу қажеттігін ескерткен. Өміріндегі қиын кезеңдерден қажыған Жансұлу да осы сөзге иланып, туысқандары ұсынған емшіге барады.

"Бұған дейін емші атаулыға сенбейтінмін. Бірақ өмірімдегі қиын кезеңдер мен денсаулығымдағы кінәраттар салдарынан көріпкелге бару туралы шешім қабылдадым. Туысқандарым мақтаған соң, бір емшіге таңдауым түскен. Қаладан алыста болса да, денсаулығым үшін күн сайын барып жүрдім.

Емші мені қамшымен ұрып, балға, суға дем салып берді. Күн сайын он литр суды оқып береді. Оны автобуспен арқалап жүру де оңай емес. Бірақ күн өткен сайын мен емшінің көзқарасы өзгергенін байқадым. Одан бөлек, әйелі де маған жағымсыз көзбен қарайтын болды", - дейді Жансұлу.

Кейін емші Жансұлудың дуаланғанын айтып, бұрынғыдан да бетер оқу қажеттігін айтқан.

"Мені көптен бері кеуде тұсымның ауырғаны мазалап жүрді. Емші де осыны білгендей, кеуде тұсымды емдеу керектігін айта берді. Бір қызығы, ол өз үйінде кеудемді емдейтін бөлек бөлме жоқтығын айтып, менің үйіме келіп емдейтінін айтты. Алғашында қарсы болдым. Кейін үйдегі әпкем оқытылған соң жақсылап емделуім керектігін айтты.

Амал жоқ, іштей қарсы болсам да, үйге келіп оқуға рұқсат бердім. Алайда, емші мен ойлағандай кеудемді киімнің сыртынан емес, қолымен ұстап отырып емдемекші болды. Шыны керек, бұған төзе алмадым. Бөтен ер адамның кеудемді ұстағаны миға сыймайды. Оның үстіне, менің үйіме арнайы келіп отыр. Дереу үйден қуып шықтым да, одан әрі емделмейтінімді айттым. Кеудемді ұстамақ болғаны намысыма тиді. Сондықтан, қыз-келіншектерге сақ болуды ескертемін. Кейбір емшілердің арам пиғылы басым тұрады", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942423-keudemnen-ustamaq-boldy-duadan-arylu-usin-emsige-bargan-kelinsektin-oqigasy-zaga-ustatty/

pixel