Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Пластикке қарағанда 2 мың есе артық": Ақтөбелік оқушы грек жаңғағының қабығынан ыдыс жасады (видео)

Опубликовано:

Видеодағы кадр
Видеодан кадр: "Астана" арнасы

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Жадыра Амангелдиева жаңғақтың қабығынан ыдыс жасап шығарды. Ғылыми туындыны ұлттық зияткерлік меншік институты тіркеген, автор патент алды деп хабарлайды Астана арнасы.

Жадыра Амангелдиева жүздеген жыл шірімейтін, қазір тұрмыста көп қолданылатын пластик ыдысты ауыстыратын материал іздеген.

Ғаламторды ақтара отырып, Ресейде жүгері крахмалынан, ал Мексикада авакадо сүйегінен жасалған тұрмыстық бұйымдарды көрген. Содан биология пәнінің мұғалімімен бірге грек жаңғағының қабығын зерттей бастаған.

Кейін жаңғақтың қабығын еттартқышпен ұнтақтап, оны желіммен араластырып, ыдыс жасаған.

Жадыраның айтуынша, ыдысты жасауға 5-6 грек жаңғағы кетеді және шамамен бір күн жеткілікті. Дегенмен, желімі кебу үшін 3-4 күн қажет екен.

Ал жоба жетекшісі Гүлжана Базаеваның сөзінше, жаңғақ қабығының пластикке қарағанда тез ыдырайтыны бір жылдық сынақ нәтижесінде дәлелденген.

"Жаңғақ қабығынан жасалған ыдыстың қаншалықты ыдырайтынын білу үшін біз оның бір бөлігін алып, жерге көмгенбіз және пластик ыдыстың бір бөлігін жерге көміп, бір жылға қалдырдық. Бір жылдан кейін көрген нәтижеміз – жаңғақтан жасалғаны 68 пайызға ыдыраған екен. Ол пластик ыдысқа қарағанда 2 мың есе артық", – дейді Гүлжан Базаева.

Жадыра Амангелдиева мен жетекшісі дайын ыдысты ұлттық зияткерлік меншік институтына жолдаған. Олардың ғылыми туындысы грек жаңғағының қабығынан жасалған биологиялық ыдырайтын ыдыс-аяқ деп бағаланып, авторлық құқық алған.

Дегенмен ыдыс әзірге шай мен кофеге төзімсіз, бірақ оған қант, тұз секілді ұнтақ заттарды салуға болады. Жадыра ыдысты әрі қарай ыстық сусын құюға болатындай етіп жетілдірмек. Сондай-ақ, жобаны тәжірибеге енгізу үшін инвестор іздемек.

Г. Сейтенова

Айта кетейік, бұған дейін ақтаулық оқушылардың арамшөптен пакет жасап шығарғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942529-plastikke-qaraganda-2-myn-ese-artyq-aqtobelik-oqusy-grek-zangagynyn-qabygynan-ydys-zasady/

pixel