RU

Биыл Павлодарда Жаңа жылды тойлау үшін 80 млн теңгеден астам ақша жұмсалмақ

Жаңа жыл
Көрнекі фото: pxhere.com

Павлодарда биыл жаңа жыл мерекесін тойлауға 80 млн теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. Мемлекеттік сатып алу порталында екі бірдей лот жарияланған. Бұған қаланы түрлі диодты шамдармен әрлеп, шыршаны безендіру қарастырылған, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Шаһар әкімдігі жаңа жылға дайындықты ерте сәуірден бастапты. Содан бері екі рет  конкурс жариялап үлгерген.  

"Павлодарды жаңа жыл қарсаңында жарық диоды шамдармен безендіруге 58 млн 240 мың теңге бөлінді. Бұған қаладағы саябақтар, скверлер, орталық жағалау алаңы, көшелер мен ғимараттардың қасбеті жарықтандырылатын болады. Бұдан бөлек, 3 шыршаны әсемдеуге 16 млн 600 мың теңге бөлінді", - деді Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова.

Ал тұрғындар мұны қомақты қаржыны босқа шашу деп санайды.  Мемлекет  қаржысын ысырап еткенше, оны пайдалы шаруаға жұмсау керек деп отыр.

"Ысырапшылдықтың бір түрі. Осы ақшаға халыққа, ауылдық жерлерге көп пайда келтіруге болады", "80 млн деген артық ақша бір қарап тұрсаң. Оданда ковидпен ауырып жатқан балаларға көмектескен артық", "Трамвай жақсы жүргенмен автобустардың саны аз ғой. Сол себепті автобустың санын көбейтуге болады. Қыс кезінде халыққа өте пайдалы. Автобус жылдам келсе, аялдамада көп тұрмайсың өте жақсы болушы еді", - дейді жергілікті тұрғындар.

Ө. Қуанар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943095-biyl-pavlodarda-zana-zyldy-toilau-usin-80-mln-tengeden-astam-aqsa-zumsalmaq/