Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде студенттерге грант беру жүйесі өзгереді: Асхат Аймағамбетов түсіндіріп берді

Опубликовано:

ЖОО
Көрнекі фото: pixabay.com

Білім және ғылым министі Асхат Аймағамбетов гранттың ақшасын студенттің жеке есепшотына аудару жүйесі қалай іске асатынын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі министрдің Facebook парақшасына сілтеме жасап.

"Бүгінгі таңда отандық жоғары оқу орындары грант беру арқылы жан басына қаржыландыруға көшті. Бұл жүйе қазір қалай жұмыс істейді? Грант алу үшін талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. ҰБТ тапсырғаннан кейін талапкер өтініш береді, нақты мамандықты таңдап, гранттарды тағайындау конкурсына қатысады.

Мәселен, егер белгілі бір мамандыққа барлығы 100 грант бөлінсе, квоталарды есепке ала отырып, ең жоғары балл жинаған 100 талапкер сараланған тізім бойынша ЖОО-да оқу үшін грант алады", - деді министр.

Бұдан былай білім грантын иеленген студент жоғары оқу орнын өзі таңдайды және ЖОО осы студентті оқыту үшін бюджеттен қаржыландыру алады.

"Алайда, студент грантты жеңіп алғанына қарамастан, мемлекет тарапынан төленетін оқу ақысына қатысты рәсімге қатыспайды. Шын мәнінде, студент жоғары оқу орнындағы оқу ақысын мемлекет оның мектеп кезіндегі жақсы көрсеткіштері үшін төлейтініне мән бермей, мұны көбіне көп тегін оқу деп қабылдайды. Сәйкесінше, "тегін" оқу кезінде университетке қандай да бір талап қою қиын. Әрбір студенттің оқуы үшін мемлекет жоғары оқу орнына орта есеппен 3,5-4 миллион теңге бөледі.

Оқу ақысын төлеу алгоритмі келесідей: университеттер студенттердің тізімдері мен төлеу актілерін белгілі бір мерзімділікпен министрлікке жібереді. Министрлік студенттердің әрқайсысы үшін ақшаны жоо-ның шотына тікелей аударады. Яғни, студенттің өзі бұл үрдіске қатыспайды", - деді Аймағамбетов.

Енді мемлекет басшысысы қаржыландырудың осы жүйесін өзгертуді тапсырды. Бұдан былай қаражат грантты жеңіп алған студенттің оқу ақысын өз бетінше төлеуі үшін арнайы банктік шотына (эскроу-шот) тікелей жіберіледі.

"Осылайша, студент оның оқуы үшін мемлекет бөлген ақшаны көріп, қолдауды сезінеді. Сонымен бірге оқу ақысын төлеу үрдісіне қатысады. Қазіргі таңда студент бұрынғыдай тегін қызметтерді алушы емес, қызметтерге тапсырыс беруші болып табылады. Тиісінше, тапсырыс беруші ретінде ол сапалы білім беруді талап етуге құқылы. Әрине, бұл студенттің мемлекеттік қолдау шараларын қабылдауына оң әсер етеді және оның бойындағы жауапкершілікті арттырады.
Миллиондаған қаражаттың оқуға жұмсалғанын көріп, студент білім алуға да, көрсетілетін қызмет сапасына да жауапкершілікпен қарайды. Бұл ретте студент бюджет қаражатын білім алып жатқан жоо-ға оқу ақысын төлеуден басқа, өзге мақсаттарға жұмсай алмайды", - деді министр.

Аймағамбетовтың айтуынша, бұл тетік сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де жойып, бюджет қаражатының барынша ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы бәсекелестікті күшейтеді деп күтілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943100-elimizde-studentterge-grant-beru-zuiesi-ozgeredi-asxat-aimagambetov-tusindirip-berdi/

pixel