Желтоқсан құрбаны Сәбира Мұхамеджанова 35 жылдан кейін ақталды
Жарияланған күні:
Желтоқсан құрбаны, Өскемендегі педагогикалық училищенің 2-курсында оқып жүріп, небәрі 16 жасында қыршынынан қиылған қазақтың батыр қызы Сәбира Мұхамеджанова 35 жылдан кейін ақталды. Жағымды жаңалықты Шығыс Қазақстан облыстық JELTOQSAN-86 қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов жеткізді, деп жазады "Айқын" газеті.
Марат Рамазановтың сөзінше, Сәбира Мұхамеджанова ғана емес, онымен бір топта оқыған 28 қыз бен бір курста білім алған 8 жігіт ақталған.
"Бұл бізге оңай болған жоқ. Осы жұмыстың басы-қасында жүріп, желтоқсаншы қыз-жігіттердің ақталуына зор үлес қосқан Алматыдағы тіркелмеген "Желтоқсан ақиқаты" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолдаға айтар алғысымыз зор", – дейді Марат Рамазанов.
Ал Бейсенбай Сайфолда Сәбираның Алматы қалалық прокуратура арқылы ақталғанын айтты.
"Ақтамас бұрын онымен бір топта оқыған 28 қыз, орыс тобында білім алған Сәуле Өмірбекова және 8 жігіттің ақтау құжаттарын алдық. Бір қызығы, Сәбираның ауылдасы Сәуле Өмірбекова 1987 жылы оқудан шығарылған. Себебі, 1986 жылғы у-шу кезінде үн-түнсіз кетіп қалған екен. "28 қыз ақталғанда қалай жалғыз өзін қалдырамыз?" деп, оны да тізімге қостырдық. Сөйтіп "Сәбирамен бірге оқыған 29 қыз ақталды, енді Сәбираның өзін де ақтаймыз" деп қуанып отырғанымызда Алматы прокуратурасы көңілімізді су сепкендей басты.
"Сәбираны ақтай алмаймыз, өйткені туған-туыстары жоқ. Егер 28 қызға хат жаздырып, "қарсы емеспіз" деген қол қойдырып әкелсеңіздер, бұл мәселе шешілуі мүмкін. Бас прокуратура бізге осылай деп отыр" деді. Содан жанұшырып, шығысқа барып, 28 қыздың қолын қойдырып, Алматы қалалық прокуратурасына табыс еттік", – деді "Желтоқсан ақиқаты" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
2021 жылдың 27 қыркүйегінде берілген, Алматы қаласы прокурорының орынбасары Н.Ракишев қол қойған анықтамада былай деп жазылған: "1986 жылғы желтоқсанның 26-күні "Желтоқсан" оқиғасына қатысқанына байланысты С.Мухамеджанова Өскемен қаласында жатақхананың бесінші қабатынан секіріп, өзін-өзі мерт етті. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заңы негізінде 01.01.1970 жылы туған Сабира Есимбековна Мухамеджанова саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылады".
Шығыс Қазақстан облыстық JELTOQSAN-86 қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов жақында құжат көшірмелерін Сәбира Мұхамеджанова туып-өскен ауылдағы мектеп пен Өскемендегі білім алған колледж ұжымына және Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейге табыстапты.
Ал тіркелмеген "Желтоқсан ақиқаты" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолда алда әлі де жұмыс көп екенін жеткізді. Оның сөзінше, 2010-2021 жылдар аралығында республика бойынша 400-ге жуық, Өскемен қаласы бойынша Желтоқсан көтерілісіне қатысы бар 38 азаматтың (28-і Сәбираның топтасы, біреуі орыс тобында оқыған Сәуле Өмірбекова, 8 жігіт – курстасы және С.Мұхамеджанованың өзі) ақталуына жәрдемдесіпті.
"Орайы келгенде айта кетейін, қазір менің қолымда Алматыда болған Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 15 адамның ақталу құжаттары бар. Олар – сол уақытта Алматыда жұмыс істеген өскемендіктер. Сәбира Мұхамеджановамен бірге немесе жоғары курста оқып жазаланған студенттердің тізімін Өскемендегі партиялық архивтен алдым. Мәселен, Сәбирадан жоғары, яғни 3-курста оқығандар да алаңға шыққан. Алдағы уақытта оларды да ақтау керек деп ойлаймын", – дейді ол.
Айта кетейік, Өскеменде Сәбира Мұхамеджанованың есімі берілген 560 метрлік көше бар. Өзі туып-өскен Тарбағатай ауданындағы Ақмектеп ауылындағы мектептің алдына бюсті қойылған. 2001 жылы "Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы" атағы берілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943313-zeltoqsan-qurbany-sabira-muxamedzanova-35-zyldan-keiin-aqtaldy/