Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Желтоқсан құрбаны Сәбира Мұхамеджанова 35 жылдан кейін ақталды

Опубликовано:

Сәбира Мұхамеджан
Фото: "Айқын" газеті

Желтоқсан құрбаны, Өске­мен­дегі пе­дагогикалық учили­щенің 2-курсында оқып жүріп, небәрі 16 жасында қыршы­ны­нан қиылған қазақтың батыр қызы Сә­бира Мұхамеджанова 35 жылдан ке­йін ақталды. Жағымды жаңалықты Шығыс Қазақстан облыс­тық JELTOQSAN-86 қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов жеткізді, деп жазады "Айқын" газеті.

Марат Рамазановтың сөзінше, Сәбира Мұхамед­жанова ғана емес, онымен бір топта оқыған 28 қыз бен бір курста білім алған 8 жігіт ақталған.

"Бұл бізге оңай болған жоқ. Осы жұмыстың басы-қасында жүріп, желтоқсаншы қыз-жігіттер­дің ақталуына зор үлес қосқан Ал­ма­тыдағы тіркелмеген "Желтоқсан ақиқаты" респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолдаға айтар алғысымыз зор", – дейді Марат Рамазанов.

Ал Бейсенбай Сайфолда Сәбираның Алматы қалалық прокуратура арқылы ақталғанын айтты.

"Ақтамас бұрын онымен бір топта оқыған 28 қыз, орыс тобында білім алған Сәуле Өмірбекова және 8 жігіттің ақтау құжаттарын алдық. Бір қызығы, Сәбираның ауылдасы Сәуле Өмірбекова 1987 жылы оқудан шығарылған. Себебі, 1986 жылғы у-шу кезінде үн-түнсіз кетіп қалған екен. "28 қыз ақталғанда қалай жалғыз өзін қалдырамыз?" деп, оны да тізімге қостырдық. Сөйтіп "Сәбирамен бірге оқыған 29 қыз ақталды, енді Сәбираның өзін де ақтаймыз" деп қуанып отырғанымызда Алматы прокуратурасы көңілімізді су сепкендей басты.

"Сәбираны ақтай алмаймыз, өйткені туған-туыстары жоқ. Егер 28 қызға хат жаздырып, "қар­сы емеспіз" деген қол қойдырып әкелсеңіздер, бұл мәселе шешілуі мүмкін. Бас прокуратура бізге осылай деп отыр" деді. Содан жан­ұшырып, шығысқа барып, 28 қыздың қолын қойдырып, Алматы қалалық прокуратурасына табыс еттік", – деді "Желтоқсан ақиқаты" респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

2021 жылдың 27 қыркүйегінде бе­рілген, Алматы қаласы про­куроры­ның орынбасары Н.Ракишев қол қойған анықтамада былай деп жазылған: "1986 жылғы жел­тоқ­санның 26-күні "Желтоқсан" оқиғасына қатысқанына байланысты С.Мухамеджанова Өскемен қаласында жатақхананың бесінші қабатынан секіріп, өзін-өзі мерт етті. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заңы негізінде 01.01.1970 жылы туған Сабира Ес­им­бековна Мухамеджанова саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылады".

Шығыс Қазақстан облыстық JELTOQSAN-86 қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Марат Рамазанов жақында құжат көшірмелерін Сәбира Мұхамеджанова туып-өскен ауыл­дағы мектеп пен Өскемендегі білім алған колледж ұжымына және Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейге табыстапты.

Ал тіркелмеген "Желтоқсан ақиқаты" респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолда алда әлі де жұмыс көп екенін жеткізді. Оның сөзінше, 2010-2021 жылдар аралығында республика бойынша 400-ге жуық, Өскемен қала­сы бойынша Желтоқсан көте­рілісіне қатысы бар 38 азаматтың (28-і Сәбираның топтасы, біреуі орыс тобында оқыған Сәуле Өмірбекова, 8 жігіт – курстасы және С.Мұхамеджанованың өзі) ақталуына жәрдемдесіпті.

"Орайы келгенде айта кетейін, қазір менің қолымда Алматыда болған Жел­тоқ­­сан көтерілісіне қатысқан 15 адам­ның ақ­талу құжаттары бар. Олар – сол уақытта Алматыда жұмыс істеген өскемендіктер. Сәбира Мұхамеджановамен бірге немесе жоғары курста оқып жазаланған студенттердің тізімін Өскемендегі партиялық архивтен алдым. Мәселен, Сәбирадан жоғары, яғни 3-курста оқығандар да алаңға шыққан. Алдағы уақытта оларды да ақтау керек деп ойлаймын", – дейді ол.

Айта кетейік, Өскеменде Сә­бира Мұхамед­жанованың есімі берілген 560 метрлік көше бар. Өзі туып-өскен Тарбағатай ауданын­дағы Ақмектеп ауылындағы мек­теп­тің алдына бюсті қойылған. 2001 жылы "Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы" атағы берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943313-zeltoqsan-qurbany-sabira-muxamedzanova-35-zyldan-keiin-aqtaldy/

pixel