RU

Алматыда өрт сөндіргішпен пранк жасаған блогер қамауға алынды (видео)

Видеодағы кадр
Видеодан кадр: instagram.com/rustam.abdrakhmanov_

Бұған дейін Алматы метросындағы пранк үшін жазаға тартылған тиктокерлер жаңа видео түсіріп, тағы да полицейлердің назарына ілікті. Жігіттердің бірі қамауға алынған. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

Белгілі болғандай үш жігіт бірігіп, Алматыдағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінің маңында видео түсірген.

Видеода бір блогер екіншісіне өрт сөндіргіш шашады. Мұның бәрі қоғамдық орында, жаяу жүргіншілер өткелінің дәл алдында болған.

Видеодан жолды кесіп өтіп жатқан адамдарды байқауға болады, кенет бұл жерді қалың "тұман" басады. Оның үстіне жігіттер өрт сөндіргішті көлік жолына да шашқан.

Жігіттердің бұл әрекеті алматылықтарға ұнамаған. Желі қолданушылары жазба астына полицейлер мен Алматы полициясы бастығының орынбасарының парақшаларын белгілеп, шара қолдануды сұраған.

Әбдірахмановтың айтуынша, видеоны түсірген адамның жеке басы әлі анықталып жатыр, ал пранк қатысушылары – 22 жастағы А.К. және 19 жастағы А.А. жауапқа тартылған.

Блогерлердің әрекеті қылмыстық кодекстің 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық") бойынша сараланып отыр. Бұл бапқа сәйкес, айыппұл немесе әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.

"Әкімшілік іс бойынша жинақталған материал шешім шығару үшін сотқа жіберілді. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен А.К. (видеода қолына өрт сөндіргіш ұстаған жігіт) әкімшілік қамауға алу түріндегі жауапкершілікке тартылды.

А.А. мен видео операторын тексеру жалғасып жатыр", – деп жазды Рустам Әбдірахманов.

Айта кетейік, 19 жастағы жігіт жақында метрода пранк жасағаны үшін полиция тарапынан жауапқа тартылған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943815-almatyda-ort-sondirgispen-prank-zasagan-bloger-qamauga-alyndy-video/