Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кейде ұлым сабаққа аш кетеді": Шымкентте бір көзі көрмейтін көпбалалы әке аула сыпырып, күн көруде

Опубликовано:

Нұртілеу Жаналиев
Нұртілеу Жаналиев. Кадр: "Хабар 24"

Шымкент тұрғыны Нұртілеу Жаналиев 10 жылдан бері аула сыпырушы болып еңбек етеді. Қос жанарының бірі мүлдем көрмейтін ол шиеттей бала-шағасын осы кәсібінің арқасында асырап отыр. Көпбалалы әкенің бүгінде бар арманы - үйлі болу, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұртілеу - қала тазалығына жауапты мекеменің белсенді жұмысшысы. Қос жанарының бірі көрмесе де, ол қол қусырып отырғысы келмей, көше тазалауға шыққан. Отбасының қамы үшін күн-түн демей еңбек етіп жүрген отағасы жұмыс істегенді жанындай жақсы көретінін айтады.

"Жұмысты жақсы көремін өзім. Жұмыстан қайтпаймын. Жұмыс істегім келеді. Жұмыс істемесем, бала-шағамды кім асырайды? Жұмыс істемесем, бала-шағамды ешкім асырамайды. Сол үшін, өзіме кір келтірмес үшін жұмыс істегім келеді. Бастықтардан ешқандай зиян жоқ. Айтсам, бәрін істеп береді. Жағдайымды да түсінеді", - дейді Нұртілеу.

Ол жалқаулық пен жұмыссыздық ауру шақырады деген ойда. Сондықтан өзі бір тынған емес. Алайда алаяқтардың арбауына түсіп, кейін баспанасыз қалғаны жанына батады. 

"Алдағы мақсатым – үй алу, бала-шағамды жеткізу ғой. Басқа маған ешнәрсе керек емес. Бастысы бала-шағамды жеткізсем өзім сияқты болмай, қиыншылық көрмей жүрсе деймін. Кейде үлкен ұлым сабаққа аш кетеді. Мен не істеймін? Балама айтамын шыда, өмірге шыда деп. Мен де 11-12 жасымнан квартирада келе жатырмын ғой. Әкем қалай қайтыс болды. Содан бері" , - деп баяндайды ол.

Нұртілеудің басшылары да оны еңбекқор жұмысшы ретінде бағалайды.

"Жұмыс оңай емес. Басшылардың берген тапсырмаларын орындауға әрекет қыламыз. Бұл Жаналиев Нұртілеу де ешуақытта бізде ұятқа қалдырмаған. Қызметіне көңіліміз тояды. Жұмысы жақсы. Кейбір қиын кездер болады. 11-12 жылдың ішінде бірге істеп келе жатырмыз", - дейдібригада шебері Үсіп Құдайсүгіров.

Нұртілеу 4 баласы мен жүкті әйелінің жатақхананың жалдамалы бөлмесінде тұрып жатқанына қынжылады. Тапқаны отбасының керек-жарағынан ауыспайды. 

"Күйеуім ғана жұмыс істейді. Соның айлығына күнімізді көріп жатырмыз. Қиын да болады ғой енді. Бала-шаға үшін. Асырау керек, жұмыс істеуің керек. Үйде отырсаң, кім береді ақшаны? Ешкім бермейді. Сол үшін жұмыс істейміз", - дейді Нұртілеудің жұбайы Әселханым Жаналиева.

Нұртілеу Жаналиев аула сыпырушы болғанына арланбайды. Керісінше, көшені көріктендіріп, таза ұстауға үлес қосып жүргеніне қуанады. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944317-keide-ulym-sabaqqa-as-ketedi-symkentte-bir-kozi-kormeitin-kopbalaly-ake-aula-sypyryp-kun-korude/

pixel