Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Денсаулық сақтау министрлігі Мысырмен әуе байланысының неге тоқтатылғанын түсіндірді

Жарияланған күні:

Ұшақ
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов үкімет сағатында демалысын Мысырда өткізуді жоспарлап қойған қазақстандықтар не істеу керектігін айтты. 3 желтоқсаннан бастап Қазақстан елде коронавирустың жаңа "омикрон" штамы таралмауы үшін бұл елмен әуе байланысын уақытша тоқтатады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шорановтың сөзінше, бірнеше мемлекеттің Мысырдан келген азаматтарынан коронавирустың "омикрон" штамы анықталған.

Осыған байланысты Қазақстан билігі бұл елмен әуе қатынасын тоқтату туралы шешімге келген.

"Барлық шектеу шаралары 2021 жылғы 3 желтоқсаннан бастап күшіне енетін болады. Жоспарлап қойған (демалысты - ред.) азаматтарға келер болсақ, біз индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі (ИИДМ - ред.) әріптестерімізбен бірлесіп, басқа бағыттар бойынша туристік лекті ұлғайту үшін және бұл бағыттарды басқа бағытқа ауыстыру бойынша жұмыс істейтін боламыз", - дейді вице-министр.

Шоранов сондай-ақ, жолдама сатып алып қойған азаматтар не істейді деген сауалға да жауап берді.

"Ең алдымен адамдар коронавирустың таралуы әлі тоқтамағанын түсінуі керек. Әрине, жеке және қоғамдық мүдделер бар екені түсінікті. Біздің қазіргі мақсатымыз - жаңа штамның елде таралуын барынша болдырмау. Сонымен қатар, біз секвенация (вирус геномын анықтау - ред.) бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз.

Өздеріңіз білетіндей, көптеген мемлекет, Еуропа елдері, Израиль, Сингапур мұндай шешім қабылдап қойды. Мен мұны дұрыс қабылданған шара деп есептеймін, себебі, ең алдымен мақсатымыз - бұған дейін болған толқындардың қайталануына жол бермеу.

Сондықтан бұл мәселеге жауапкершілікпен қараған жөн. Бұл бағытты зерттеу керек. Бұл біздегі ең қарқынды бағыт екенін түсініп отырмыз: қараша айындағы жолаушылар легі шамамен 13 мыңдай болған. Сәйкесінше, вирустың дәл осы елдерден таралу қаупі жоғары болып отыр", - дейді Шоранов.

Бұл ретте, ол ел ішінде Мысырдан келгеннен кейін жеті күндік карантинде болу, ПТР тесттен өту, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша емханалардың бақылауында болу сынды шаралар қарастырылғанын атап өтті.

"Бұл мәселе толығымен Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында емес. Біз мұны есепке аламыз. Мен бәріне қосымша балама туристік бағыттар ұсынылатынын, бағыттар көп екенін, оны талқылап жатқанымызды айттым. Бізде Таиланд, Оңтүстік-Шығыс Азия, БАӘ сынды нұсқалар бар", - дейді Марат Шоранов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944651-densaulyq-saqtau-ministrligi-mysyrmen-aue-bailanysynyn-nege-toqtatylganyn-tusindirdi/