Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкесі – Дәулет Тұрлыханов": Жүрсін Ерман ДДСҰ басшысына келін болған немересі жайлы айтты

Опубликовано:

Жүрсін Ерман
Жүрсін Ерман. Видеодан кадр: КТК арнасы

Қазір ел арасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесустың – құдасы ақын Жүрсін Ерманды мерейтойымен құттықтауы қызу талқыланып жатыр. Бірі бұған таң қалса, біразы аралас некеге жол берді деп ақынды жазғырған. Осы орайда Жүрсін Ерман бүгінде ДДСҰ басшысының келіні атанып отырған жиен немересі жайлы айтып берді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Жүрсін Ерман жиен немересіне батасын беріп, осыдан үш жыл бұрын Тедрос Гебрейесустың үлкен ұлына қазақ салтымен ұзатқанын айтады. Дегенмен ақын халықаралық ұйымның басшысымен жүзбе-жүз кездеспеген.

"Менімен ақылдасқан ешкім жоқ. Ылғи сыртта болған бала ғой. Менталитеті басқаша болды. "Теңін тапса тегін бер" дейді ғой. Біз батамызды беріп шығарып салдық. Мені жазғырып несі бар? Өз ата-анасы бар. Әкесі – Дәулет Тұрлыханов. Шешесі – менің қызым Ардақ Ерманова. Батамды беріп, қарап отырдым қызығын. Жаңа ғана видео қоңыраумен сөйлестім", - дейді ол.

Қоғамда қызу талқыланған видеодан кейін ақынға қоңырау шалып пандемия қашан аяқталатынын құдасынан білуін сұрағандар да табылыпты.

"Біреулер менен сұрайды: "Құдаңыздан сұраңызшы, пандемия қашан кетеді екен" деп. Ол Құдай емес қой. Қайдан біледі? Халықаралық ұйым болғанымен, ол да пенде. Адам ғой. Құдаммен телефон арқылы сөйлесемін. Бала-шағаның жайын біліп. Немерем аударып отырады", - дейді Жүрсін Ерман.

Сөз соңында Жүрсін Ерман эфиопиялықтармен мыңжылдық құда болғанына еш өкінбейтінін жеткізді. Өзге ұлт өкілдерінің төл мәдениетімізбен танысып, тілін сындырып, қазақша сөйлеуі керісінше қуантады дейді ақын. Ал немерелері әлемнің қай түкпірінде тұрса да, салт-дәстүрімізді ұмытпай, үнемі насихаттап жүргенін атап өтті.

Айта кетейік, 2 желтоқсанда ақын 70 жасқа толған еді. Қарағандыда өткен сол тойға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы келе алмай, құттықтауын видео арқылы жолдаған болатын.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945593-akesi-daulet-turlyxanov-zursin-erman-ddus-bassysyna-kelin-bolgan-nemeresi-zaily-aitty/

pixel