Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сиыр союдан бастадым": 27 жастағы қарағандылық келін қасапшылықты қалай үйренді

Опубликовано:

Қасапшы келін
Фото: Ақерке Үсенованың жеке мұрағатынан

Жезқазған қаласынан Ұлытау ауданындағы Сарысуға келін болып түскен Ақерке Үсенова ауыл тірлігіне бірден араласып кетті. Екі жыл бұрын жас отбасы мал шаруашылығын қолға алған. Бүгінде Ақерке желіде қасапшылық өнерімен танылып жүр. 27 жастағы ауыл келіні ұсақ мал түгілі ірі қараны өзі сойып, жәркемдей алады. KAZ.NUR.KZ тілшісі үй шаруасы мен блогерлікті қатар алып жүрген келінмен сұхбаттасты.

Ақерке өмірлік жарымен Жезқазғанда колледжде оқып жүргенде танысқанын айтады. Бірге оқыған жігітпен шаңырақ көтерген соң, қаланың қызы ауылда мал шаруашылығымен айналысқанды жөн санапты.

"Негізгі мамандығым - технолог. Ауылға келін боп түскен соң, жолдасым екеуміз мал ұстаймыз деп шештік. Ата-енем жасы 80-ге келіп қалған кісілер. Сондықтан жеке шаруа қожалығының бар жұмысын жолдасым екеуміз атқарамыз. Жұбайым вахтаға кеткенде малды өзім жайғаймын. Шөбін салып, астын тазалаймын. ", - дейді пысық келін.

Бір қызығы, Ақерке қасапшылықты қой емес, сиыр союдан бастаған.

"Қазақта малды әйел адам бауыздауына болмайды. Сондықтан мал соярда қайын атама бауыздатамын. Ол кісі болмаса, көшеден ер балаларды шақырып аламын. Маған бауыздап берсе болды, ары қарай терісін сылып, етті өзім бұзамын. Мен мал союды әдейі үйренген жоқпын. Күйеуім екеуміз етке тапсырыс аламыз. Мен ішек-қарнын тазалаймын. Жолдасым үлгермей жатқанда қарап тұрмай, көмектесемін деп жүріп, өзім де мал союды үйреніп алдым", - дейді ол.

Ақерке ауылдағы той-томалақ, қонақасыларда келіндік міндетін атқара жүріп етті мүшелеуді, табақ тарту тәртібін меңгеріп алған.

"Мал сойғанда қайынағамнан малдың мүшелерін сұрап алатынмын. Келін болғаннан кейін анда-санда көрші-қолаңға көмектесуге барамын, сондай кезде табаққа тартылып жатқан еттерді жаттап алатынмын. Солай үйреніп кеттім. Қазір қонақ санына қарай неше табақ ет асатынымды есептеп, өзіме керектіні алып-салып жүре беремін. Барлық малда бір мүше ғой. Сондықтан қатты қиын емес", - дейді сарысулық келін.

Ақерке жолдасы жұмысқа кеткенде УАЗ көлігіне мініп, жайлауға өзі барып, мал түгендеп қайтады екен. Ауыл келіні желіде блогерлікті де қоса алып жүр. Оған күнделікті шаруаны түсіріп желіге жүктеуге құрбы-құрдастары кеңес бергенін атап өтті.

Ақеркеның айтуынша, ол ата-енесіне сыйлы келін. Бүгіннің өзінде ол Сарысудың қасапшы келіні атанып, Ұлытау елінің құрметіне бөленіп жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946261-siyr-soyudan-bastadym-27-zastagy-qaragandylyq-kelin-qasapsylyqty-qalai-uirendi/

pixel