Қорғалжын маңынан ішіндегі сұйықтық сол күйі сақталған орта ғасырлық қыш құмыра табылды (видео)

Опубликовано:

Құмыра
Видеодан кадр: Хабар 24

Қорғалжын маңынан орта ғасырлық қыш құмыра табылды. Таңқаларлық жайт құмырадағы 6 литр сұйықтық құрамы еш өзгерместен сол күйі сақталған. Археологтар мұндай жәдігер Қазақстан бойынша ғана емес, тұтас Еуразия аумағында алғаш рет табылып отырғанын айтады, деп хабарлайды "Хабар 24".

Телеарнаның мәліметінше, құнды құмыра орта ғасырдың үш бірдей кезеңінен, яғни Алтын Орда, Жошы хан қағанаты мен Керей-Жәнібек құрған қазақ хандығы тұсындағы өркениеттен сыр шертеді.

Биіктігі 43 сантиметр, сыйымдылығы 6 литр қыш құмыраның салмағы ауыр. Себебі, оның ішіндегі сұйықтық сол күйі сақталған.

"Ішінде сұйықтығы бар қыш ыдыс алғашқы рет табылып отыр. Ол өзіміздің бас қаламыз, Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы, Қорғалжындағы орта ғасырлық Бытықай қаласынан табылды. Археологиялық ғылымда бұны институт дейді. Сол кезде 700 жыл бұрын қыш ыдысқа құйып, жерге қазып, көміп кеткен күйі табылды. Ешқандай өзгеріссіз, осы күнге дейін сақталып қалған", - дейді А.Х. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Серғазы Сәкенов.

14-15 ғасырда көмілген құмыраның ішіндегі қара қою сұйықтық – табиғи битум болып шықты. Бұл жуырда шыққан сараптама нәтижесінен кейін белгілі болған. Археологтар енді битумның нақты өндірілген мерзімін анықтау үшін оны шетелге зерттеуге жібермек.

Серғазы Сәкенов орта ғасырларда битум негізінен қорғаныс мақсатында, яғни жебелерді малып, от қою үшін қолданылғанын айтады. Алайда бұл құмырадағы жанғыш сұйықтық өндірістік мақсатта пайдаланылған көрінеді.

Қазба жұмыстары кезінде қыш құмырадан бөлек құмнан күйдірілген кірпіштер мен үлкен диірмен тастар да табылған. Бұл да құмыра ішіндегі битумның тек өндірістік мақсатта қолданылғанын білдіруі мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946412-qorgalzyn-manynan-isindegi-suiyqtyq-sol-kuii-saqtalgan-orta-gasyrlyq-qys-qumyra-tabyldy-video/