Top.Mail.Ru

Зектілері

Америкада оқитын қазақ дәрігері NASA қаржыландыратын жобаға қалай келді

Жарияланған күні:

Ғалымжан
Ғалымжан Исабеков. Фото: Түркістан газеті

АҚШ-та NASA агенттігі қар­жыландыратын бірнеше жобаны іске асыратын жұмыс тобына мүше Ғалымжан Исабеков ғарыш медицинасы саласын терең зерттеуге кіріскен. Флорида университетінің докторанты Түркістан басылымына берген сұхбатында медицина саласынан ғылым жолына неліктен бет бұрғанын айтып берді.

Ғалымжан Исабеков ғылымға келмес бұрын жал­пы медицина, сосын нейрохирургия саласы бойынша бі­лім алып, Бейжіңдегі ауруханалардың бірінде дәрігер қыз­метін атқарған. Бүгінде Ғалымжан ғарыш медицинасы секіл­ді тың салаға бет бұрып, ғарышкерлердің денсаулығын зерт­теп, ғарышқа ұшудан туындаған мәселелерге сараптама жа­сап жүр.

Алдағы уақытта Марсқа аттанатын мамандардың алаң­сыз жұмыс істеуіне үлес қосқысы келетінін де жа­сыр­майды.

Қазақ азаматы медицинаны Қытайда оқып бітірген. Бірнеше жыл дәрігерлік қызметінен соң білімі мен тәжірибесін ғарыш саласына қолданудың жолын іздеп, ғылымға ойысқан.

"Негізі мен мектепте оқып жүргенде дәрігер боламын деп тіпті де ойламағанмын. Мектепте оқып жүргенде халықаралық олимпиадаларға қатысып, шетелдік оқушылармен етене араластым. Сол кезде жоғары білімді шетелде алу керек екенін түсіндім. Сол уақытта Қазақстан мен Қытай арасында мұнай ісі бойынша байланыс енді дамып жатқан кез. Сөйтіп, екеуара ынтымақтастық нәтижесінде бізге грант бөлініп, бағым жанып, Қытайға оқуға келдім.

Сол шақта әкемнің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, экономист оқуына түстім. Бірақ бұл мамандықты жүрек қалауым бойынша таңдамаған соң оқуды жалғастыруға өзімді мәжбүрлей алмадым. Сосын сол жақта оқып жатқан адамдармен ақылдасқанда, олар: "Қытайға келсең оқитын үш-ақ нәрсе бар: қытай тілі мен әдебиеті, қытай медицинасы және сауда-саттық ісі", деді. Ойлана келе медицинаны таңдап, емдеу ісімен айналысамын деп шештім.

Алты жыл бойы университетте білім алдым. Теорияны Қытайда оқыған соң, практиканы да осында жүзеге асырайын деп Бейжіңдегі үздік ауруханалардың бірінен резидентурадан өттім. Орталық жүйке жүйесін зерттеу бұрыннан қызықтыратын, сол себепті өзіме қызық іспен айналысайын деп нейрохирургия бөлімін таңдадым", - дейді Ғалымжан.

Айтуынша, ғарыш саласы мен медицинаны ұштастыру туралы ойға кездейсоқ келген.

"Желіден Байқоңыр туралы жаңалықты көзім шалды. "Медицина мен ғарыш арасында байланыс бар ма екен осы?" деп ойланып, интернеттен деректер іздей бастадым. Сөйтсем, түйсігім алдамаған екен, ғарыш медицинасы деген өз алдына бөлек сала бар екеніне көз жеткіздім. Мәскеуде аэроғарыш медицинасына қатысты үлкен конференция өткелі жатқанын естідім. Жұмыстан сұранып, Мәскеуге бардым. Ол жерде мені танымайтын ғалымдар "Қайдан келген мамансың?" дегендей таңғалып, сұрап жатты. Оларға мұндай саланың бар екенін енді біліп жатқанымды, қызығушылығым зор екенін айттым.

Сосын елге келіп, осы саланы бір жыл бойы терең зерттедім. Қанша дегенмен бізде ғарышқа ұшқан үш ғарышкер бар. Оларға да түрлі эксперимент жасалатыны белгілі. Алматыда ғарыш зерттеулерімен айналысатын орталыққа барып, өз ісінің білгірі саналатын мамандармен таныстым. Одан бөлек, интернеттен ғарыш медицинасының жілігін шағып, майын ішкен шетелдік мамандардың сабақтарын қарап, жүздеген ғылыми мақаланы ақтарып шықтым.

Сол арқылы бірнеше маман тауып, оларға хат жаздым. Оларға нейрохирургия секілді бэкграунды бар менің ғарыш медицинасына қызыққаным жаңалық болды. Бірнеше жыл бойы ауруханада жұмыс істеген дәрігердің келуі мұндай жаңа салаға екіталай. Бірақ жолым болып, ғылыми жетекшімнің қолдауымен грантқа түсіп, Флорида университетінің докторанты атандым. Қазір осында бірнеше жоба жүргіземін", - дейді ғалым.

Ғалымжан Исабеков бүгінгі таңда NASA қаржыландыруымен жердегі жасанды ауырлықты қалпына келтіру және оның миға әсерін зерттеуде. Оның мақсаты - ғарыш медицинасына маманданатын дәрігерлер әзірлеу және майталман ғалымдармен бір ортада жұмыс істеп, адамзатқа пайдалы жаңалық ашу.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946499-amerikada-oqityn-qazaq-darigeri-nasa-qarzylandyratyn-zobaga-qalai-keldi/