Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл жын-ойнақты тоқтату керек": Белгілі депутат үкіметке талап қойды

Жарияланған күні:

Түнгі клуб
Көрнекі фото: pixabay.com

Халық қалаулысы Қазыбек Иса мәжілістің жалпы отырысында үкіметке депутаттық сауал жолдап, Алматыдағы "жын-ойнақты" тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ғылым академиясының ғимараты – қазақ ғылымы мен руханиятының символы, қасиетті орда. Осы ғимараттың тіл білімі жағындағы аумақты жертөле ұлттық намысымызға тиетін, қазақ ғылымының киелі орнын былғайтын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының асыл рухын аяққа таптап, әруағын шулататын "Марка" гей-клубы мен "Барвиха" түнгі клубына айналған. Тойып секіргендер мен бір жыныстылардың жын-ойнағы киелі орынды ластап жатыр. Кезінде Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп қойған билборд осы үңгірден шыққан", - деді депутат.

Оның сөзінше, қазақ үшін күрескен қасиетті тұлға, ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атындағы тіл білімі ордасының астында "жын ордасының ойнақ салуы" елдің ұғымына сыймайды.

"Бұл жын-ойнақты шұғыл тоқтататын уақыт жетті!", - деді Қазыбек Иса.

Осы орайда халық қалаулысы келесі жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО аясында аталып өтетінін еске салды. Осыған байланысты үкімет жанынан комиссия құрылып, жұмыс жоспары жасалды. Дегенмен, ұлт ұстазын ұлықтауға арналған шаралар баршылық.

"Қостанай облысы Жангелдин ауданының орталығынан 100 шақырым жердегі жүздей отбасы бар Ахаңның туған ауылына ғалымның атын бердік дейді. Ауыл түгілі облыс берсе де, лайықты ұлт ұстазының атын алыс шалғайдағы жолсыз ауылмен ғана шектеп қоюға болмайды. Алаш көсемдері Ахмет пен Міржақыптың туған ауылдарының аты әлі күнге дейін қызыл большевик, кезінде ұлты мен дінін сатып, Николай Степнов болған Жангелдиннің атында болуы елге де, ерге де, ең алдымен, әруаққа қиянат. Бұл ауданның аты 150 жылдығын әлем атап өткелі отырған Ахмет Байтұрсынұлының атында болуы керек. Бұл тарихи әділеттілік болар еді", - деді Иса.

Оның сөзінше, ауыл тұрғындары ауданның атын ауыстыру туралы ашық хатты мемлекет басшысына да жолдаған. Ал облыс басшысы Алаш көсемінің туған жеріне аяқ аттап баспаған.

"Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген кез келген әкім Қостанай өңіріне барғанда ең алдымен Алаш көсемдерінің туған жеріне барып, ұлттың ұлы тұлғаларына тағзым етуге тиіс. Ал әкім Архимед Мұхамбетовтың алты жылдан астам уақытта ол жаққа аттап баспағанын ел шулап жазуда, яғни, Ахаңның туған жерінде тойдың ойдағыдай өтуі де күмәнді. Алаш көсемінің ауылына баратын жол да жоқ", - дейді халық қалаулысы.

"Ақжол" фракциясы өкілдері үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады.

Олар:

  • Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде мемориалды кешен салу;
  • Байтұрсын бабаның қараусыз қалған қабірі мен қорымын қалпына келтіру;
  • Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының атын беру;
  • Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музейіне ұлттық статус беріп, мемлекет қамқорлығына алу;
  • Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтына айрықша статус беру және қаржылық қолдау жасау;
  • 2022 жылды Мемлекеттік тіл жылы деп жариялау.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947934-bul-zyn-oinaqty-toqtatu-kerek-belgili-deputat-ukimetke-talap-qoidy/