Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Павлодарда науқасты екі шақырым жерге көтеріп жеткізген фельдшер қыз марапатқа ие болды

Опубликовано:

Сая Акпарова
Фото: pavlodarnews.kz/Константин Шелков

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшері Сая Ақпарова кардиологиялық бригада құрамында медициналық көмекке зәру науқасты қалың қардан жүре алмай қалған көлікке дейін көтеріп әкелген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Сая Ақпарова облыстық "Ертіс дарыны - 2021" жастар сыйлығына ие болды.

Фельдшердің сөзінше, жедел көмекке шақырту Жетекші ауылынан түскен, науқас миокард инфарктіне шағымданған. Алайда жедел жәрдем көлігіне берілген мекен-жайға жету үшін бораннан кейінгі қалың қар кедергі болыпты. Сондықтан медқызметкерлер науқасқа белден асып түсетін омбы қарда жаяулатып барған.

– Жеттік, алғашқы медициналық көмегімізді көрсеттік. Инфаркт екені расталды, одан бөлек өкпесі ісіп кеткен. Науқастың жағдайы тұрақталды, бірақ ауруханаға жатуы керек болды. Көлікке шанамен апарғымыз келді, алайда шана омбы қарға батып, жүргізбеді. Оның үстіне өкпені желдету аппараты да ауырлық түсірді, - деп еске алады Сая.

Содан кейін олар науқасты медициналық зембілге салып, көлікке жеткізген. Жолда оларға қалың қар мен боран бөгет болған.

"Науқасты таңғы бесте ауруханаға апардық. Оған аортакоронарлы шунттау операциясын жасады. Төрт күннен соң біз кардиоорталыққа бардық, сол уақытта ол кісі үйіне шығып жатыр екен. Бізді танып, толқып кетті. Ал дәрігерлер ол кісіге тыныштық керек екенін ескертіп жатты", - дейді фельдшер қыз.

Сая
Фото: pavlodarnews.kz/Константин Шелков

Қызметте ерлік жасағандар сол түні қатты тоңып, тұмауратып та қалған екен. Сая омыртқасын зақымдап алыпты, нәтижесінде операция жасатқан.

"Егер осындай жағдай қайталанса, мен қайта барар едім. Бала күнімнен медицинаға қызықтым, адамдарға көмектескім келіп тұрады. Сондықтан жедел жәрдемде жұмыс істеуден ләззат аламын. Біз кейде қауіпсіздік техникасы бойынша баруға болмайтын жерлерге барамыз, өйткені бару керек, онда көмекке зәру адам күтіп отырғанын білесің", - дейді Сая Ақпарова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948350-pavlodarda-nauqasty-eki-saqyrym-zerge-koterip-zetkizgen-feldser-qyz-marapatqa-ie-boldy/

pixel