Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астаналық өрт сөндіруші атауы орысша шығатын ведомстволық журналға жазылудан бас тартқанын айтты

Опубликовано:

Құтқарушылар
Фото: Facebook/Online Qazaqstan

Әлеуметтік желіде астаналық өрт сөндіру бөлімі бастығының жазбасы қызу талқылануда. Онда азаматтық қорғау подполковнигі еліміздің Төтенше жағдай министрлігіне қарасты ведомстволық журналға жазылудан бас тартатынын мәлімдейді. Өрт сөндіруші журналдың атауы орыс тілінде болғандықтан осы қадамға барғанын түсіндірген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бақыт Сырғабековтың жазбасы Facebook-тегі пабликтердің бірінде пайда болды. Офицер онда ведомстволық "Пожарный и спасатель Казахстана" журналына жазылудан және өзі басқарып отырған жеке құрамға үгіт-насихат өткізуден бас тартатынын жазып, оның себебін түсіндірген.

"Жоғарыда көрсетілген журнал неге «Қазақстанның өрт сөндірушісі, құтқарушысы» деп аталмайды? Мен басқарып отырған №12 өрт сөндіру бөлімінде 1 қызметкер орыс ұлтының өкілі, 81 қызметкер қазақ ұлты, сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінде 90% қызметкерлер қазақ ұлт өкілі. Қазақстан Республикасы Егемендік алғанына биыл 30 жыл, ТЖМ құрылғанына 25 жылдан асты" - деп ашынды ол.

Офицер бұл журналға атауын мемлекеттік тілде өзгерткен жағдайда ғана жазылатынын алға тартады.

"Егеменді елдің ұлтжанды азаматтары ретінде № 12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері атынан жоғарыда аталған журналымыз алдағы уақытта "Қазақстанның өрт сөндірушісі және құтқарушысы" деп аталып, мемлекеттік тілде шықса деген ұсыныс айтамыз", - дейді өрт сөндіру бөлімінің бастығы.

Бақыт Сырғабековтың жазбасы желі қолданушыларының қолдауына ие болды.

"Жарайсыңдар жігіттер! Елжанды азаматтарымыз бар болғанына қуаныштымын", " Дұрыс айтылған. Қолдаймын. Ана тілімізді құрметтейік", - дейді жазбаға пікір білдірушілер.

Айта кетейік, желіде қызу талқыға түскен офицердің талап-тілегінен министрлік хабардар. KAZ.NUR.KZ тілшісінің жазбада айтылған журналға қатысты сауалына ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли жауап берді.

"Журнал екі тілде шығады, қазақ және орыс тілінде. Басылым ақпарат министрлігінің талаптарына сай. Бұл жазбаны көрдік. Әркімнің өз пікірі бар. Ал журналдың атауына қатысты айтар болсақ, оның атауы бұрыннан солай шығып келген. Кеше ғана қойылған жоқ. Жалпы алдағы уақытта оның атауын өзгерту мәселесі қаралатын болады", - дейді министрліктің ресми өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949190-astanalyq-ort-sondirusi-atauy-oryssa-sygatyn-vedomstvolyq-zurnalga-zazyludan-bas-tartqanyn-aitty/

pixel