Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақ халаттыларға алғыс қайда": Желі қолданушылары дүрбелең кезінде басын қатерге тіккен дәрігерлер туралы айтты

Опубликовано:

Көрнекі фото
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Facebook әлеуметтік желісінің блогері Ләззат Ракишева жаппай тәртіпсіздік кезінде үй көрмей еңбек еткен дәрігерлердің мәселесін көтерді. Айтуынша, ақ халаттылардың көбі қала ішінде тұрса да, жұмысына бару үшін басын қатерге тіккен. Олардың көбі аурухана ішіне түнеуге мәжбүр болғанын айтқан желі белсендісі медқызметкерлерге қызметтік көлік ұсынбаған басшыларға шүйлікті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Ақ халаттыларға алғыс қайда? Менің бір келінім осы Алматыдағы емханалардың бірінде дәрігер болып жұмыс істейді. Шаһардағы дүрбелең кезінде бас амандығын ойлап, жұбайым екеуміз жұмысына көлікпен апарып, кері әкеліп жүрдік. Жұбайым маған ұрсады: "Қауіп деген зор қалада. Жол-жөнекей бір пәлеге ұрынсақ, тым болмаса сен үйде қалсаңшы бала-шағаға бас-көз болып", - деп. "Өлсек, бірге өлеміз" деп мен де көне қоймаймын. Жалғыз келінімізді емес, таныс-бейтаныс бірнеше медқызметкерді жұмысына жеткізіп тастап жүрдік.

Осындайда ойға қаласың, ең қиын сәтте жанын шүберекке түйіп, өмір мен өлім үшін айқасатын ақ халаттылар үшін неге жағдай жасалмайды? Оларға арнайы тасымалдайтын автобус, уақытында ыстық тамақты ұйымдастыру неге ешкімнің ойына келмейді?", - дейді ол.

Желі қолданушысы дәрігерлердің кейбірі тіпті әлі күнге дейін үйіне бармағанын сөз етті.

"Қаладағы қақтығыстар кезінде көптеген адам жарақат алып, ауруханалардың дәлізіне дейін лық толды. Жатқан жерінде жарасын таңып, отасын жасап, түнде ұйқы көрмеген дәрігерлердің көпшілігі қала ішіндегі қатынастың қиындығына байланысты әлі күнге үйлеріне төбе көрсетіп бармапты. Олар үшін алаңдап, жанын шүберекке түйіп отырған отбасы мүшелері мен жақындарының жағдайын елестетіп көріңізші!

Үйіне асыққан енді бірі 3 квартал аралық жерге 12 мың теңгеге такси жалдап барыпты. Не деген сұмдық! Жанын беріп еткен еңбегінің өтеуі болудың орнына жалақысын жолақысына жұмсауы әділдік пе?

Алдыңғы шептегілерді ыстық тамақпен қамтып жатырмыз деген белсенділер кімді тойдырып жатыр? Өйткені мен танитын дәрігерлердің бірде-біреуі еріктілер таратқан ыстық астан ауыз да тимепті.

Бұл жағдайды бұлайша қалдыруға болмайды. Ақ халаттыларға лайықты жағдай жасалсын! Олар да біреудің бауыр еті баласы, бір әулеттің отағасы мен отанасы екендігін, ең қиын сәтте өмір үшін күресіп жүргендерін ұмытпайық", - деп жазды ол.

Жазба иесінің пікіріне 119 адам пікір жазған. Олардың барлығы авторды қолдап, өз ойларын білдіруде.

"Жалғыз дәрігерлер емес, барлық медбикелер, тазалықшылар мен басқа да медицина қызметкерлеріне жағдай жасау керек деп ойлаймын..", "Жақсы мәселе көтердіңіз", "Рахмет сізге, дұрыс, қолдаймыз", - деп жазды олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951853-aq-xalattylarga-algys-qaida-zeli-qoldanusylary-durbelen-kezinde-basyn-qaterge-tikken-darigerler-turaly-aitty/

pixel