Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өтірік айқайлай бастадым": Алматы тұрғыны бүлікшілерді қалай алдағанын айтып берді

Опубликовано:

Бүлік
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматылық Бибінұр Шералиева жаппай тәртіпсіздіктер кезінде лаңкестердің қоршауында қалай қалғанын және олармен қандай келісімге келгенін айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жаралы адамдар көмексіз қалды"

5 қаңтар күні Алматыда жаппай тәртіпсіздіктер басталған кезде наразы топ қала әкімдігін басып алып, ғимаратты өртеп жіберді. Дәл сол кезде Бибінұр Шералиева әріптестерімен бірге әкімдіктің жанынан өтіп бара жатқан.

Оның сөзінше, әкімдіктің жанында бірнеше рет атыс болған. Содан кейін бүлікшілер әбден өшігіп алған. Әскерилер мен полицияға көмек берілмесін деп, жедел жәрдемді де жақындатпай қойыпты. Бірнеше көлікті жағып жіберген. 

"Олар жедел жәрдем және басқа да мемлекеттік көліктермен қару-жарақ әкеледі деп ойлаған сияқты. Жаралы адамдар көмексіз қалды. Біз жерде жатқан бірнеше адамды көрдік. Оларға ешкім қараған жоқ. Содан жарақат алғандарды ауруханаға таси бастадық. Шамамен 8 адамды алып шықтық. Олардың ішінде әскери қызметшілер де, бейбіт тұрғындар да бар. Бәрін полицейлер ұстаған қалқандарға салып тасыдық", - дейді Шералиева.

Бибінұр әрбір адамның аты-жөнін және телефонын жазып алып отырған. Туыстары сұрап қалады деп ойлаған.  

"Көлікте бірге істейтін қыздар да болды. Олар алаңда қалып, жаралы адамдарға көмек көрсетті. Біз екі-үш рейс жасағаннан кейін көп уақыт кететінін түсіндік. 12-ауруханаға дейін жол алыс. Мен денсаулық басқармасындағы танысыма хабарласып, жедел жәрдем сұрадым. Ол бере алмаймыз, жағып жібереді деді. Содан үйлердің арасына жедел жәрдемді жасырып қойып, сол жерге тасыдық", - деп атап өтті Шералиева.

"Қулыққа баруға тура келді"

Бибінұр мен оның әріптестерінде ешқандай медициналық препарат болмаған. Олар антисептикпен алғашқы көмек көрсетеді. Ал қаруланған бүлікшілер жарақат алған және қайтыс болған жолдастарын бергісі келмеген.

"Біз олармен тіл табысуға тырыстық. Көлікте термосқа құйылған шай болған. Соны құйып бердім де, сөзге тарттым. Ол кезде террорист екенін білмеймін ғой. Бейбіт митинг деген. Қару-жарақтың қайдан келгенін де түсінбей, дал болдық. Шай ішіп тұрғанда олар біздің көлікпен тағы қару-жарақ алып келеміз деп шықты. Мен тоқтаңдар, алдымен жаралы адамдарды апарып алайық дедім. Сол кезде олар бізді өз адамдарын алып кетеді деп қорыққан сияқты. Өйткені жарақат алған және өлген 40-қа жуық адам жатқан. Артынан соларды "Газельге" салып, өздері алып кетті", - деп еске алды Шералиева.

Бибінұр қоршаудан шыға алмағаннан кейін жастарды үйге қайтаруға кіріскен. Сол кезде қару ұстаған адамдар оларға күдікпен қарай бастайды.

"Біз үйге қайтыңдар, не үшін жүрсіңдер, атып кетеді деп, жасөспірімдерді таратуға тырыстық. Артынан адам азайған соң қару ұстаған жігіттер бізге күдікпен қарай бастады. Бізге шүйлігіп шыға келді. Сол кезде мен телефонмен қоңырау шалғандай болдым да, "Алаңда жүрген адамдарды мына жаққа әкеліңдер!" деп, өтірік айқайлай бастадым. Қулыққа басуға тура келді. Әйтпесе атып кетеді ғой", - дейді ол. 

"Әкел автоматыңды!"

Бибінұр көлікте жатқан жеке қорғаныс құралдарын киіп алған. Сөйтіп, өзін дәрігер ретінде таныстырған.

"Бәріміз дәрігерміз, бізге тиіспеңдер дедім. Жаралы адамдарды құтқаруға келдік. Жасым 55-те емес пе, адам танимыз. Автомат ұстап тұрғандарға ұрсып та көрдім. "Автоматың бар, не бітіріп тұрсың? Кәне, автоматыңды маған бер!" деп қоямын. Атасыз ба десе, атам деймін. Олар тәте "боевой" екен деп күліп тұра берді", - дейді Шералиева.  

Қару ұстағандардың  арасында көсбасшы болмаған. Олар нақты талап та қоймаған. Бірақ біреу рациямен барлығын ұйымдастырып отырыпты.

"Олар рация ұстап жүрді. Сол арқылы біреу бірдеңе айтса, барлығы өре түрегеледі, кілең жас жігіттер. Жай күні көшеде кездестірсең, террорист деп айта алмайсың. Бетінде қара маска, басында қара шәпке, үстінде қара күрте болды. Біздің ақ жеке қорғаныс құралын киіп тұрғанымызды көріп, тәте, бұны шешіп тастаңыз, сізді снайпер атады деп қояды. Біреуі "тәте" деді, біреуі "апай" деді, біреуі "әпше" деді. Түсініксіз тілде сөйлегендер де болды", - дейді Бибінұр.

Бүлікшілер әкімдік пен резиденцияны басып алғаннан кейін қару-жарақты бөлісіп, әскери КамАЗ-бен полиция департаменті мен аудандық бөлімшеге шабуыл жасаймыз деп шыққан.

"РУВД"-ға барып не істейсіңдер, ол жерде қару-жарақ жоқ, бәрін алып кеткен деп басқа жаққа бұрып жіберуге тырыстым. 50 адамдай КамАЗ-ға мініп, "Фурмановтың" бойымен қару-жарақ дүкеніне тартты", - деп еске алды Шералиева.

"Жерде жатқан Туды үйге алып келдік"

Бибінұр әріптестерімен бірге түнде үйге келіп, қол қусырып отыруға болмайтынын түсінеді. Әскерилер мен дәрігерлерге көмек беруге шешім қабылайды.

"Үсті-басымыз қан-қан болып, үйге келдік те, таңертең тамақ істеуге кірістік. Адам өлімі мен қанды көргеннен кейін елдің болашағы үшін алаңдап, бір жерде отыра алмадық. Сол кездегі бір сәт есімнен кетпейді. Қазақстанның Туы қанға боялып, жерде жатыр екен. Біз оны алып, тығып қойдық. Ол әлі бізде жатыр. Үйде отырып қорыққаннан пайда жоқ деп шештік. Содан қолда бар азық-түліктен тамақ істедік. 20 банка бұқтырылған ет, бір қап макарон тұр екен. Төрт адам 860 бауырсақ пісірдік", - дейді Шералиева. 

Таңертең Бибінұр әскерилерге қоңырау шалған. Бірақ тамақты салып беретін ыдыс-аяқ табылмайды. Себебі дүкендердің бәрі жабық тұрған. Әскерилер өздері келіп, дайын тамақты кастрөлмен алып кеткен.

Ертесіне Бибінұр таныстарына хабарласып, бір реттік ыдыс-аяқ керек екенін айтады. Олар әлеуметтік желі арқылы іздеу салған. Сол кезде мыңдаған адам жауап жазып, көмекке келген. Біреулер ақша жіберсе, енді біреулер азық-түлік жеткізіп берген.

"Адамдар ыдыс-аяқ та, ет те, азық-түлік те әкеле бастады. Біз мешіттен қазан алдыртып, аулада кәдімгідей далалық ас үй аштық. Тандыр нан пісірдік. Көмек қолын созуға дайын адамдар көп екен. Қала тұрғындарының қамқорлығы қатты сезілді. Сәбіз бен картопты үйден тазалап әкелгендер де болды ғой. Сөйтіп, төтенше жағдай кезінде 20 мың кісілік тамақ әзірледік. Соның бәрін әскерилерге, дәрігерлерге және коммуналдық қызметтерге тараттық", - деп түйіндеді Шералиева

Бибінұр жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бағыт-бағдары жоқ жастардың көп болғанын байқапты.

"Қаңтардағы оқиғалар кезінде бағыт-бағдары жоқ жастардың көп екенін байқадым. Осы мәселеге баса назар аудару қажет. Сондықтан өз жұмысыма да өзгеріс енгізетін ойым бар. Қан төгілді, көп адам қаза тапты. Оған жол бермеуге болатын еді... Әрбір ересек адам жастардың тәрбиесіне атсалысуы керек", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952358-otirik-aiqailai-bastadym-almaty-turgyny-buliksilerdi-qalai-aldaganyn-aityp-berdi/

pixel