"Өзім шығарып салдым": Қазақ миллиардері ковидтен қайтыс болған әкесін еске алып, көзіне жас алды
Жарияланған күні:
Қазақстанға әлемдегі мұнай-газ саласы бойынша сервистік қызмет көрсетумен айналысатын алпауыттардың бірі Halliburton компаниясын алып келіп, елімізде филиалын ашқан миллиардер, кәсіпкер, меценат Жұмабек Жанықұлов өзінің балалық шағы, кәсіпкерліктегі жеңістері, өкініші мен табысы туралы әңгімеледі. Бұдан бөлек, кәсіпкер марқұм әкесіне деген ризашылығын білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында айтты.
Сұхбат барысында кәсіпкер өзінің балалық шағындағы қызықтары туралы айта кетті. Мәселен, кәсіпкер Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінде оқып жүрген кезде, оқу үлгерімі өте нашар болғанын жеткізді. Математика пәнінен білімін тереңдету үшін ұстазы оған қосымша ақыға білім алуды ұсынған. Алайда ата-анасы оған қосымша ақы бермейтінін айтқан Жұмабек ұстазының жөн сілтеуімен өз мектебінің ауласын сыпырып, ақысына тиын-тебен алып отырған. Міне, осының арқасында ол білімін жетілдіре түсіп, бас-аяғы бір жылдың ішінде өзінің білімін шыңдап алыпты.
Қазіргі таңда, Жұмабек Жанықұлов еліміздегі топ салық төлеушілер қатарына кіреді. Ол Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы. Бұдан бөлек, кәсіпкер әлемдегі ең ірі мұнай-газ саласында қызмет көрсететін америкалық мультикомпания филиалының елімізде ашылуына мұрындық болып, 31 жасында елге 30 млн доллар инвестиция тартқан. Сондай-ақ, табысты кәсіпкер табандылығының арқасында Қазақстанға 100 млн доллардан астам инвестиция құйылуына септігін тигізіпті.
Десе де, табысы жылына 1 млрд доллардан асатын кәсіпкердің адам ретіндегі өкініші де жоқ емес. Мәселен, сұхбат барысында былтыр коронавирус салдарынан көз жұмған әкесіне деген сағынышын жеткізіп, оның өзіне берген өмірлік тағылымдарын еске алды.
"Ешқандай бала әкесінің қай жаста болсын кеткенін қаламайды. Әкесінің тірі, дені сау, аман жүргенін қалайды. Екіншіден, әкеміз өзін бақыттымын деп есептейтін. Менің әкемнің жасаған емес, әкемнің маған жасағанын айтқым келеді. Ол кісі ауылда агроном болып жүрген кезде жиындарға мені алып баратын. Олардың жұмысы туралы әңгімелерінің барлығының басы-қасында жүретінмін. Сол үрдісті мен өз балаларыма да жасаймын. Балаларым мектепте оқыған кезде оларды кезек-кезекпен шетелге іссапарға алып баратынмын. Сөйтіп оларға әкемнің жасаған жақсылықтарын жасап жүрмін.
Жаны жәннатта болсын. Ол кісі өзін "барлық нәрсені көрдім, сездім, құдайға шүкір, балаларыма барлығын жасадым" деп өмірден өтті. Сондықтан мен де, бауырларым да ол кісіні мақтан тұтамыз. Былтыр ковидтің әсерінен қайтыс болды. Қолдан келетіннің барлығын жасадық.
Ол індет барлығына ауыр тиді ғой Елде хаос болып жатты. Қалай емдейтінін ешкім білмеді. Бірақ өз қолыммен шығарып салдым, Бес сағат басында отырып, шахадатын келтіріп, шығарып салдым", - деп көзіне жас алды кәсіпкер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953036-ozim-sygaryp-saldym-qazaq-milliarderi-kovidten-qaitys-bolgan-akesin-eske-alyp-kozine-zas-aldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.