Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаңтар оқиғасы кезінде "Хабар 24" журналистері қалай қызмет етті

Жарияланған күні:

"Хабар" телеарнасы
Фото: "Хабар" телеарнасы

"Хабар 24" - тәулігіне 24 сағат, аптаның жеті күні аралығында халықты жаңалықтармен қамтамасыз етіп отырған Қазақстандағы бірегей телеарна. Елімізде орын алған қаңтар трагедиясы кезінде арна қызметкерлері көрерменге шынайы ақпаратты шұғыл әрі тез жеткізу үшін қауіп-қатерге қарамастан оқиға орнында жұмыс істеді.

«Хабар 24» телеарнасының 2015-2016 жылдары Украинадағы меншікті тілшісі, 2019-2021 жылдары Өзбекстандағы меншікті тілшісі болған, бүгінде арнаның шеф-редакторы қызметін атқарып жүрген танымал журналист Жасын Біркенов төтенше жағдай кезіндегі тележурналистердің қызметі, жұмыс барысында туындаған қиындықтар мен ұжымдағы жоғары командалық рух жайында баяндап берді.

- Заманауи адамның күнделікті өмірі әр түрлі форматтағы жаңалықтарды тұтынумен тығыз байланысты. Көрермендерге ақпаратты жеткізудің ар жағында қаншама еңбектің жатқанын екінің бірі түсіне бермейді. Телевидение саласында, оның ішінде, үздіксіз жаңалық тарататын «Хабар 24» телеарнасында қызмет атқару қаншалықты қиын?

- Үйренген адамға «Хабар 24» арнасында тәулік бойы жұмыс істеу еш қиындық тудырмайды деп есептеймін. Өйткені, бізде ауысыммен істелетін жұмыс. Біз үшін үйреншікті жағдай. Иә, расымен де, төтенше жағдай болған кезде тәулік бойы хабар таратуға дайынбыз. Оның дәлелі – Алматы оқиғасы кезіндегі біздің команданың жұмысы.

"Хабар" телеарнасы
Фото: "Хабар" телеарнасы

- «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезіндегі жұмысқа кеңірек тоқталып өтсеңіз. Қандай қиындықтар болды? Ньюсрумдағы жұмыс қалай ұйымдастырылды?

- Оқиға басталған кезде, мен 4-ші қаңтар күні таңертең Ақтауға ұшып кеттім. Жаңаөзен, Ақтау, Маңғыстау облысындағы бірқатар ауданда бейбіт шерулер басталған тұста, ол жақтағы жағдайды бақылау үшін, не болып жатқанын халыққа жеткізу үшін Ақтауға бардық. Оқиға орнынан ақпарат жинадық.

Кейін, қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні, Алматы оқиғасы басталған кезде, біз түн ортасында әріптестерімізге хабарласып, барлығын шұғыл көмекке шақырдық. Бұл - жаңажылдық демалыс күндері еді. Жарты редакция жұмысқа шықты. Ол кезде біз жаңалықтарды әр 15 минут сайын беріп отырдық. Осы режимде біз қаңтардың 11-не дейін жұмыс істедік.

Ақпарат тексеруде көп қиындықтар туындады. Журналистердің барлығын бөліп, ауысыммен жұмыс істеу графигіне ауыстырдық. Төтенше жағдай кезінде қызмет атқарудың ерекшелігі осында болды.

Ньюсрумда жұмыс қарбалас болды, қызметіміз қызу жүріп жатты. Түскі асымызды да бізге жұмыс орнына алып келіп отырды, себебі, шығып ауқаттанатын жағдай, мүмкіндік болмады. Күн-түн демей, осы жерге келіп, 10 қаңтарға дейін тынбай тәулігіне 24 сағат еңбек еткен адамдар да бар.

- Қазақстандықтардың интернет арқылы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндіктері болмаған кезде, мемлекеттік телеарналар мен радиолар тәулік бойы эфирде болды. «Хабар 24» арнасы ақпараттың жалғыз көзіне айналды десек те болады. Тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеп, халыққа өзекті ақпаратты ұсынып отырған журналистер жұмысында интернет жоқтығы мәселесі қалай шешілді?

- Расында да, аса күрделілік туғызғаны - интернеттің жоқтығы. Бұл мәселені шешу үшін, біз шетелдегі меншікті тілшілерімізді қостық. Олар продюсерлік қызмет атқарды. Мәселен, олар шетелдік БАҚ-тың, халықаралық ұйымдардың не жазып жатқанын бақылап, сол бойынша бізге мәлімет беріп отырды. Себебі, бізде ақпарат бақылауға мүмкіндік болған жоқ.

Интернет өшірулі болғандықтан, бейнематериалдарды кассета, диск, флеш-жадылар сияқты ақпарат тасушы құралдармен «Қазмедиа» орталығына алып келіп отырдық. Өте қиын болды. Ақпарат көп болғанымен, оны тексеру оңайға соқпады.

Интернет болмай, біраз телеарналар көрсетпеген кезде, тек «Хабар 24» арнасы жаңалықтарды сағат сайын емес, 15 минут сайын дер кезінде беріп отырды. Сол уақытта бүкіл ел, алыс-жақын шетелдер де «Хабар 24» арнасын қосып, тек біз арқылы ақпарат алып отырды. Үш жүзден астам шұғыл жаңалықтар топтамасы шығарылды. Өйткені, біз шынайы, әрі жедел хабар таратуға тырыстық. Ұйымшыл ұжымымыз бен әріптестерімнің жоғары кәсібилігінің арқасында, міндетімізді толық орындап шықтық деген ойдамын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953865-qantar-oqigasy-kezinde-xabar-24-zurnalisteri-qalai-qyzmet-etti/