Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арбаға таңылса да биден спорт шебері атағына ие атыраулық азамат пен оның жұбайы тойдың сәнін келтіріп жүр

Опубликовано:

Атыраулық азамат
Фото: Ақжайық газеті

Арбаға таңылғанына қарамастан той, кештерде жұбайымен бірге әуелете ән шырқайтын атыраулық азамат әлеуметтік желіде таныла бастады. Қос жұптың әні мен биінен бөлек, бір-біріне деген іңкәр сезімі де көпті тәнті етуде. Ақжайық басылымының жазуынша, желіде елдің сүйіспеншілігіне бөлене бастаған азаматтың есімі - Есболат Балбаев. Ол басына түскен сынаққа мойымай, арба биінен Қазақстанның спорт шебері де атанған.

Ерлі-зайыпты Есболат пен Дина Балбаевтар Атырау маңындағы Қызылбалық ауылының тұрғыны. Олар қазір той-кештердің сәнін келтіріп жүр.

Ақпан айының аяғында Есболат 41 жасқа толады. Тағдырдың жазуымен бірінші жұбайымен жараспай, екі бөлек кеткен.

"Ұлым мен қызымды өзім алып қалдым. Ал 2010 жылы өмірім күрт өзгерді. Көлігіммен ауыр апатқа түсіп, ауруханадан бір шықтым. Маған дереу ота жасаған. Есімді жиғанда екі аяғым, белден төмен жансыз. Дәрігерлер мүгедек арбасымен қозғалуға мәжбүр екенімді жасырмады. Әрине, үстімнен суық су құйып жібергендей әсер алдым", - деп еске алады Есболат басынан өткен сол бір қиын кезеңді.

Ол уақытта Есболат екінші рет үйленген екен. Арбаға таңылған соң екінші жарымен де айырылсып кеткен. Сөйтіп бар салмақ анасына түскен.

"Өмірден түңіліп кеттім десем болады. Ол кезде әкемнің де көзі көрмей қалған болатын. Біз негізі жеті ағайындымыз, бауырларым анда-санда келіп, көңілімді бөлуге тырысқанымен шаңырақтары бөлек етін. Бар салмақ анам Жанипаға түсті. Оның үстіне, бірінші некедегі ұлым мен қызым бар. Жәутеңдеп қараған жанарларын көргеннен кейін қимылсыз жата беруге болмайтынын түсіндім. Өзімді қолға алдым. Жеңіл кәсіппен айналысуды бастадым. Батут құрып, мақта, басқа да тәттілерді сататынмын. Балалардың қуанған сәттерінен күш алатынмын", - дейді ол ауыр кезеңнен қалай шыққаны жөнінде айта келе.

Есболат Балбаев 2014 жылы Балықшыдағы мүгедектерге арналған спорт секциясына қатыса бастаған. Ол сол жерде спорттың пара-жеңіл атлетика түрімен айналысуды қолға алған.

"Мүгедектердің спорттық клубы" директоры Аманбай Қыздарбаев мені өте жылы қарсы алды. Одан бөлек жаттықтырушылар Нурберен Әміржанов, Бағытжан Бейісқалиевтердің көмегі көп болды. Мен спорттың пара-жеңіл атлетикасымен айналыстым. Инватаксимен аптасына үш рет жаттығуға баратынмын. 2019-2020 жылдары Ақтөбе, Қызылорда, Ақтау, Алматыдағы жеңіл параатлетиканың Қазақстан чемпионатына қатысып, бірінші орынды иеленіп жүрдім. Тіпті, ҚР спорт шеберлігіне кандидат та болдым. Содан кейін биге қатыстым. Жаттықтырушы Лидия Мұқанованың жетекшілігімен бір айдан кейін турнирде жүлдеге ие болдым. Ал қазір арба биінен ҚР спорт шебері атағым бар", - дейді Есболат.

Есболат Балбаев сол биінің арқасында  қазіргі жұбайымен танысқанын айтады.

"Жұбайым 2014 жылы Томирис деген қызбен жұп болып билегенімді әлеуметтік желіден көріп, қатты қызығыпты. Біз кездестік, қарапайым, ақкөңіл, адамгершілігі мол, Астраханның қызы екен. Ақыры көңіл жарастырып, жеті жылдан бері жұбымыз жазылған емес. Дина басында қазақ тілін білмейтін, бүгінде мақалдап әңгіме айтқанда кез келген адамды сүріндіреді", - дейді ол.

Тағдыр тәлкегіне түскен Есболат өмірге еш өкініші жоқ екенін айтады. Оның ендігі арманы - спорттан қол үзбей чемпион атану, еліміздің көк байрағын желбірету.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956737-arbaga-tanylsa-da-biden-sport-seberi-atagyna-ie-atyraulyq-azamat-pen-onyn-zubaiy-toidyn-sanin-keltirip-zur/

pixel