Жамбыл облысында шаң басқан жертөле қалай жастар орталығына айналды
Жарияланған күні:
Жамбыл облысының Меркі аудандық ауруханасында шаң басып тұрған жертөле жастар орталығына айналды. Заманауи орталықты ашуға ауданда психологиялық және моральдық көмекке зәру жастардың көптігі себеп болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Өңірдегі келеңсіздіктен, өмірдегі қиындықтан қажыған жастар мұнда үстел теннисі және өзге де спорт түрлерімен шұғылданып, дәрігер көмегін тегін алады.
Сондай-ақ, дұрыс тамақтануға көңіл бөліп, өмірдегі өзге де зиянды заттардан аулақ жүруге машықтанады.
14 пен 29 жас аралығындағы жастардың кез келген уақытта келіп, моральдық тұрғыдан демалуына, өмірлік проблемаларын шешуіне мүмкіндік қарастырылған.
«Менің қолымдағы құмыраның ішінде құрсақтағы сәби бейнеленген. Түтікше арқылы темекі түтіні жіберілгенде іштегі сәбидің қалай уланып, қиналатынын көзбен көруге болады. Стакандардың ішіне әртүрлі спирттік ішімдіктерді белгілеп қойдық. Қызыл лентаны тартып, арнайы аппараттағы көзілдірікті жастарға кигіземіз. Көзілдірікті кигенде адам ішімдік ішкендей күйге түсіп, өзін өзі басқара алмайды. Масаң күйдегідей көзі қарауытып, басы айналады, аяғы теңселеді. Осы бөлмедегі өзге де заттар арқылы жасөспірімдерді қоғамдағы түрлі қауіптерден, қылмыстан сақтандырсақ деген ойымыз бар», – деді орталықтың дәрігері Зәуре Мұхамбетова.
Бір қызығы, жастар орталығының ғимараты ретінде аурухананың жертөлесі таңдап алынған. Бас дәрігер бос тұрған жертөле бөлмелерін жастар бас қосатын орталыққа айналдыруды жөн көрген. Осылайша, шаң басып тұрған жертөле қолданысқа енді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1958975-zambyl-oblysynda-san-basqan-zertole-qalai-zastar-ortalygyna-ainaldy/