Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында балаларға арналған тегін үйірмелерді қаржыландыру неге тоқтатылды

Опубликовано:

сурет өнері
Көрнекі фото: pixabay.com

Балалар спорты мен шығармашылығын дамыту жобасы аясында Алматы облысында ашылған тегін үйірмелерді қаржыландыру тоқтатылды. Бұған қатысты облыс әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аталмыш бағдарлама аясында тегін шығармашылық үйірмелерді ұйымдастыруға тартылған жеке кәсіпкерлер дабыл қағуда.

Қарасай ауданында балаларға арнап 11 шығармашылық үйірмесін ашқан жеке кәсіпкер Аружан Иманғалиеваның сөзінше, қаржыландыруды тоқтату туралы хабарлама наурыздың бірі күні түскен.

"Бізге алдын ала ескертілген жоқ. Тегін үйірмелерді қаржыландыруды тоқтату туралы бірер күн бұрын ғана білдік. Біз былтыр желтоқсан айынан бастап жұмыс істей бастаған едік. Ал қаңтар айында төтенше жағдайға байланысты жарты-ақ ай жұмыс істеп үлгердік. Наурызда қаржыландыру тоқтады деген хабарды естіп отырмыз", - дейді ол.

Бұған қатысты Алматы облысы әкімдігі арнайы брифинг өткізді. Облыс басшылығы Алматы облысы бойынша осы күнге дейін тегін шығармашылық үйірмелерді қаржыландыруға қанша қаражат жұмсалғанын, сондай-ақ, қанша бала осы мүмкіндікке ие болғанын айтты.

"Балалар спорты мен шығармашылығын дамыту жобасы аясында Алматы облысында 2021 жылдың маусым айынан бастап шығармашылық және спорт үйірмелеріне 2 миллиард 540 миллион теңге бөлініп, игерілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен операторлық функцияларды орындауға 8 штат бірлігі бөлінді. Соның арқасында көп балалы және аз қамтылған отбасы балалары түрлі үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, пандемия кезінде қызметі зардап шеккен кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілді. Жалпы 95 мыңнан астам бала қамтылды, 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды", - дейді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстар порталында 419 жеке кәсіпкер тіркеліп, жұмыс істеп отыр, осы күнге дейін 10 658 өтініш қаралған. Ал күн сайын 150-ге жуық өтініш қабылданады екен.

Осылайша әкімдік аталмыш шығармашылық үйірмелерді қаржыландыру жергілікті бюджеттің қалтасына едәуір салмақ салып отырғанын алға тартты.

"2022 жылға бекітілген бюджеттен бөлінген 4 миллиард 400 миллион теңгенің 3,1 миллиард теңгесі игеріліп қойды. Ай сайынғы шығын 2 миллиард 632 миллион теңгені құрайтынын ескерсек, ағымдағы жылдың соңына қарай жұмыс істеп тұрған үйірмелердің қызметіне қосымша 20 миллиард теңге қажет болады", - дейді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мамандары.

Осыған байланысты осы жылдың 14 ақпанында Мәдениет және спорт министрлігінің келісімі бойынша балаларға жолдама беру уақытша тоқтатылып, 2022 жылдың 1 наурызынан бастап шығармашылық жұмысты ұйымдастыруға тартылған барлық кәсіпкерлерге, облыстағы үйірмелерге бюджетте қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты қаржыландыруды тоқтату туралы хабарлама жіберілген.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін Президент әкімшілігі басшылығының, тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың, қоғам өкілдерінің қатысуымен жедел кеңес өткен. Онда балалар спорты мен шығармашылығын қаржыландыру тетіктерін енгізу ережесін жетілдіру қажеттігі туралы өткір мәселе талқыланған.

"Бұл саланы қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге аспайтындықтан, республикалық бюджеттің қолдауы қажет. Аталған мәселе барлық облыстарға қатысты. Мұны біз бірінші болып айттық, өйткені біз өз күшімізбен күресе алмаймыз, өйткені облыс демографиялық өсім бойынша алдыңғы орында, жыл сайын облыс аумағында 20 мыңнан астам бала дүниеге келеді.

Сонымен қатар, бүгінде облыста 4 пен 18 жас аралығындағы 574 831 бала тұрады. Ағымдағы жағдайды талдай отырып, нақты ұсыныстарымызды 10 наурызға дейін Президент әкімшілігінің қарауына жібереміз. Бұл мәселені Президент әкімшілігі басшылығы ерекше бақылауға алды", - дейді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1959150-almaty-oblysynda-balalarga-arnalgan-tegin-uiirmelerdi-qarzylandyru-nege-toqtatyldy/

pixel