Жамбыл облысында сарбаз жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

Опубликовано:

Сарбаз
Ұлықбек Бердішов. Видодан кадр: КТК арнасы

Жамбыл облысындағы шекара заставасынан жас сарбаз жоғалып кетті. 19 жастағы Ұлықбек Бердішовты екі күннен бері әскерилер мен туыстары таппай жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Жас жауынгер 2 наурыз күні күндізгі екі шамасында ат қораны тазалауға шыққан. Кейін сарбаздар сапқа шақырылғанда арасында Ұлықбек жоқ болыпты. Дереу дабыл қағылып, оның туыстарына да хабар айтылған. Қазір жақын маңдағы ауылдар мен шаруа қожалықтары түгел тексеріліп жатыр. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.

Ұлықбек Бердішов - Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы. Ол Меркідегі шекара заставасына 6 ай бұрын әскери борышын өтеуге келген. Жұмбақ жағдайда жоғалған сарбаздың туыстары Ұлықбектің осы уақыт аралығында бірде-бір шағым айтпағанын мәлімдеді.

Сарбаздың еш хабарсыз кетуі анасын алаңдатып отыр. Ал әскери бөлім басшылығы бұған қатысты ақпаратты кейінірек ұсынатынын хабарлады.

"Сіздерден өтінерім, баламды көрген-білгендер болса, хабар беріңіздерші. Өтініп сұраймын. Көп балалы анамын. Үлкен ұлым еді, тұла бойым тұңғышым. Ол қашатын бала емес, өте жуас, тұйық бала өзі",- дейді сарбаздың анасы Орынкүл Мерекова.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1959391-zambyl-oblysynda-sarbaz-zumbaq-zagdaida-zogalyp-ketti/