"Қазақстан халқына" қорына қандай жағдайда жүгінуге болады: Ресми өкіл жауап берді
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова өзінің Instagram парақшасында "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының ресми өкілі, журналист Әйкерім Есенәлімен тікелей эфир өткізді. Эфир барысында қор тарапынан көрсетілетін көмектер жайлы айтылып, сұрақтарға жауап берілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ең алдымен қорға өтініш білдіруге қандай талаптар қойылатыны сөз болды. Әйкерім Есенәлінің айтуынша, қорға өтініш білдіріп, көмекке жүгінуге қатысты ешқандай талап жоқ. Тек өтініш білдіруші Қазақстан Республикасының азаматы болса болғаны.
Спикердің мәліметінше, өтінімдерді қарау бірнеше кезеңнен тұратын көрінеді.
"Бірінші кезеңді біз "Қалқан" деп атаймыз. Бұл жерде операторлар өтінімде құжаттардың бар-жоғын тексеріп, сорттайды. Өйткені әннің мәтінін жібергендер де болды. Мазақ қылған өтінімдер де көп келіп түсті. Ал екінші кезең - модерация", - деген Әйкерім Есенәлі қандай бағытта көмек көрсетілетіні арнайы кеңес барысында талқыланатынын жеткізді.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде қорға бүйрек трансплантациясына 3000-нан астам өтінім келіп түскен.
"Мәйіт донорлығы біздің елде жоқ. Сол себептен көпшілігі басқа қалаға кетіп, ота жасатқысы келеді. Соған орай барып-келгеніне, барған мемлекетте тұру және оңалтуға қаржы сұрайды. Мысалы транспантология бойынша Үндістанды алып қарастыралық. Ол мемлекеттің заңына сәйкес, әуелі өз тұрғындарының өмірін қамтамасыз етеді. Содан кейін барып медициналық туризмге назар аударады. Көп жағдайда транспантология бойынша ота жасатамын деп кеткен адам кезегіне жетпей қайтыс болады", - дейді спикер.
Сондай-ақ, тікелей эфир барысында қандай жағдайда 100 пайыз көмек көрсетіліп, қаржы бөлінетіні айтылды.
"Егер сирек кездесетін ауру болса және оның емі мен дәрі-дәрмегі біздің елде жоқ болса. Ондай жағдайда қор дәріні сатып алып, біздің елге әкеледі. Сондай-ақ, ауруды емдеудің технологиялық тәсілі болса, бірақ арнайы техникасы бізде жоқ болған кезде немесе техника бар болып, бірақ дәрігер болмаған жағдайда дәрігерді шақыруға қауқарлы. Бәлкім келген дәрігер ота жасап қана қоймай, сонымен қатар біздің дәрігерлерді үйретуі мүмкін", - деген Әйкерім Есенәлі мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуына көңіл бөлді.
Еске салсақ, "Қазақстан халқына" қорының басшысы Болат Жәмішев 8 сәуір күні жұлын-бұлшықет атрофиясына шалдыққан 3 балаға "Zolgensma" препараты салынатынын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963101-qazaqstan-xalqyna-qoryna-qandai-zagdaida-iek-artuga-bolady-resmi-okil-zauap-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.