Отандық диетолог оразада қандай тамақтан бас тарту керектігін айтты
Жарияланған күні:
Қасиетті айда ораза тұтатындар азаматтар қалай дұрыс тамақтануы керек? Қандай тағамдар адамға күш береді? Қандай тамақтан бас тартқан дұрыс? Бұл сауалдарға диетолог Жанна Нұрбергенқызы жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оразада қалай дұрыс тамақтану керек?
Диетологтың сөзінше, ораза ұстау адам ағзасы үшін пайдалы. Ең алдымен ағза тазарады.
"Медицинада, жалпы диетология саласында "интервалды ашығу" деген ұғым бар. Яғни ораза кезінде интервалды ашығу болады. Сәйкесінше, адам 18 сағат бойы тамақ ішпейді. Қалған 6 сағат ішінде ғана нәр татады. Демек адам ауызашар кезінде аз-аздан тамақтануы керек, бірден тойып алуға болмайды", - дейді Жанна Нұрбергенқызы.
Ауырашарда ең алдымен су ішіп, кейін жеңіл тамақ, мысалы, салат жеу қажет.
"Суды неліктен ішеміз? Суды күні бойы тамақ жемей, кешке ғана тұтынғандықтан, өтте артық майлар, шлактар жиналып қалады. Біз осы артық заттарды өттен шығару үшін суды көбірек ішуіміз керек. Алдымен салат жеп, кейін 10-15 минуттан соң ыстық тамаққа көшу қажет. Алайда бірден ыстық тамақ жеп, ағзаға ауырлық түсірмеген жөн. Осылайша, аз-аздан бірнеше рет тамақтанған дұрыс", - деді диетолог.
Мәзірде міндетті түрде ақуызға бай тағамдар болғаны дұрыс. Мысалы, ет, жаңғақтар, бұршақ дақылдары, ботқалар, көмірсулар.
"Көмірсуды екіге бөлеміз – күрделі және жай.
- Жай көмірсу - тәттілер, ақ ұннан жасалған тағамдар. Ораза кезінде күрделі көмірсуларды көбірек тұтыну керек. Керісінше, жай көмірсуларды азайтқан дұрыс. Адамның ағзасына, миына энергия беретін - жай көмірсулар, яғни тәттілер. Адам неліктен тәтті жей бергісі келеді деп ойлайсыздар? Өйткені бірінші кезекте тәттілер адамның миына энергия береді. Бұл тек уақытша құбылыс, сол себепті тәттіні көп мөлшерде жемеуге кеңес берер едім.
- Сол себепті жай көмірсуларды күрделі көмірсулармен алмастыру керек. Оған ботқаның барлық түрі, көкөністер мен жеміс-жидектер жатады.
- Сонымен қатар пайдалы майларды да тұтынуды ұмытпаған абзал. Пайдалы майлар құрамына малдың майы, асқорытуымызға көп көмегін тигізетін сұйық майлар, яғни зәйтүн майы, күнжіт майы, ішектің жұмысын жақсартатын зығыр майы жатады", - деп айтты ол.
Газдалған сусын асты қорытады деген ұғым – қате
Жаннан Нұрбергенқызының айтуынша, майонез, кетчуп, фасфуд және қуырылған тағамдарды тұтынбаған дұрыс. Жалпы дұрыс тамақтануда майды қуыруға болмайды. Дұрыс тамақтану кезінде майды тек дайын тағамға, салатқа қосамыз. Өйткені, майды қуырған кезде оның құрамындағы пайдалы қасиеттері жойылып, оның бәрі зиянды затқа айналады. Қуырылған майдың құрамында канцероген болады. Ал ол адам миының жұмысына кері әсерін тигізеді.
"Оразада ғана емес, мысалы, адамдар ет жегеннен кейін міндетті түрде газдалған сусын ішсек, асымыз тез қорытылады деп ойлайды. Ол – қате ұғым. Газдалған сусындардың құрамында зиянды қанттар (жасанды қоспалар) болады. Мұндай сусындарға табиғи қант қосылмайды. Жасанды қанттардың адам ағзасына тигізетін зияны өте көп. Бірақ ДДСҰ мұндай қоспаларды қосуға рұқсат берген. Алайда оны адам айына, не жылына бірнеше рет ғана ішсе, ағзаға зияны болмайды. Ал күнделікті тамақтан кейін ішсе, ол зиянын тигізеді. Сол себепті газдалған сусындардың орнына су, газдалған минералды су және лимон қолданса, тамақ анағұрлым жақсы қорытылады", - деп атап өтті диетолог Жанна Нұрбергенқызы.
Сәресіде не жеуге болады?
Маман сәресінде тамақ тойып алуға болмайтынын ескертті.
"Жалпы асқазанды қатты тойдыруға болмайды. Адамдар тойғанша тамақ жеп, "күні бойы тоқ жүремі" деп ойлауы ықтимал. Алайда олай мүмкін емес. Керісінше сапалы тамақ жеу қажет. Яғни сәресінде көмірсуді азайтып, майлар мен ақуыздарға көбірек көңіл бөлу керек. Мәселен, шұжық, жылқының еті, жұмыртқа, қолдың сары майы қосылған ботқа", - деп кеңесін берді маман.
Жанна Нұрбергенқызы күнделікті өмірде спортпен күннің бірінші жартысында айналысса, ал ораза ұстаған айда күннің екінші жартысында спортпен шұғылдануға кеңес берді. Мысалы, ауызашарға жақын уақытта спортпен шұғылданған дұрыс.
Ораза кезінде артық салмақ қоспас үшін не істеу керек?
Оның сөзінше, артық салмақ қосудың тағы бір себебі – асқазан аурулары, гормоналды бұзылыстар.
"Дұрыс тамақтанса да толып кететін адамдар бар. Бұл ішкі гормондардың бұзылысынан болуы мүмкін. Одан бөлек, ұйқының бұзылуы да артық салмақ қосуға себеп болуы мүмкін. Өйткені, адамда физиологиялық ұйқы деген болады. Түнгі сағат 23.00 мен таңғы сағат 04.00-05.00 арасында ағзамызда кортизол гормоны бөлінеді. Бұл гормонның жұмысы кезінде адам қараңғы бөлмеді ұйықтап жатуы керек. Егер адам осы уақытта ұйықтамаса, онда стресс гормоны деп аталатын кортизол басқа гормонға "тиісіп", ағзада өзгеріс болады. Осыдан адамда артық салмақ пайда болуы мүмкін", - дейді маман.
Сонымен қатар адам ауырашардан кейін бірден ұйқысы келіп, шаршағаны қатты біліне бастайды. Не себепті бұлай болады?
"Адам тамаққа тойып алғаннан кейін ұйқысы келеді. Ол мұның себебі – дұрыс тамақтанбау. Яғни адам қарапайым көмірсуді (ақ ұннан жасалған тәттілер, бәліш) шектен көп тұтынғанда, адам әлсіреп, ұйқысы келеді. Мұны болдырмас үшін ақуызды, пайдалы майларды (күрделі көмірсулар) көбірек тұтыну қажет", - дейді ол.
Маман тамақтанып алғаннан кейін асты қорыту үшін серуендеу қажет екенін айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963261-otandyq-dietolog-orazada-qandai-tamaqtan-bas-tartu-kerektigin-aitty/