Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы қамауға алынды

Опубликовано:

Сүлен Ілиясов
Сүлен Ілиясов . Фото: aqmolanews.kz

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Сүлен Ілиясов пен "Авиценна-Бурабай" ЖШС директоры ұсталды. Олар алаяқтықпен айналысты және бюджет қаражатын заңсыз түрде иемденді деген күдікке ілініп отыр. Келтірілген залал сомасы 1 млрд теңгеден көп деп бағалануда. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі өңірдің арнайы прокурорлар басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қадағалау органының дерегіне сүйенсек, 2017 жылы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен "Авиценна-Бурабай" ЖШС арасында 2,3 млрд теңгеге келісімшарт жасалған. Құжат жаңа медициналық техника жеткізуді қарастырған.

Алайда серіктестіктің нақты иесі, АҚШ азаматшасы денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғаларымен сөз байласып, пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты бұрын пайдаланылған және қолданыстан шығарылған шетелдік жабдықты жеткізген.

Ол үшін бюджеттен төлем жасалған. Келтірілген залал сомасы 1,3 млрд теңгені құрайды.

28 наурыз күні аталған факті бойынша "Авиценна-Бурабай" ЖШС мен Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы ұсталды.

Күдіктілердің мүлкі келтірілген залалға балама мөлшерде азаматтық талапты қамтамасыз ету үшін бұғатталды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі 30 наурызда "Авиценна-Бурабай" ЖШС директоры Сергей Киласьев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Сүлен Ильясовты екі ай мерзімге қамауға алуға санкция берілгенін хабарлады.

Айта кетейік, бұрынғы шенеунік сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету бойынша басқа істе де күдікті ретінде танылып отыр. Ол 2021 жылы сәуір айында ұсталған еді. Ілиясов бастапқыда қамауда жатып, артынша үйқамаққа жіберілді. Өткен жылдың қарашасынан бастап аталған қылмыстық іс бойынша сот басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964108-aqmola-oblystyq-densaulyq-saqtau-basqarmasynyn-eks-bassysy-qamauga-alyndy/

pixel