Тест тапсыру кезінде көз жұмған мұғалім: БҒМ қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова өзінің Facebook-тегі парақшасында ұлттық біліктілік тестін тапсыру кезінде қайтыс болған мұғалімге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Алматылық әріптесіміздің отбасы мен жақындарына көңіл айтамын. Білім және ғылым министрлігі телеграмма жолдады. Алматы қалалық білім басқармасы марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетеді.
Әріптесіміздің созылмалы дертке шалдыққаны және оның жүрек ауруы бойынша есепте тұрғаны белгілі. Білім саласының өкілдері әріптесіміздің туыстарының үйіне барғанда оның соңғы кездері өзін нашар сезініп жүргенін, тестілеу күні таңертең де өзін жайсыз сезінгенін айтқан. Жақындары үйде қалуға кеңес берген...
Естеріңізге сала кетейін, мұғалімдер денсаулығы нашарлап, өздерін нашар сезінген жағдайда тестілеуге бармауына немесе күнін басқа мерзімге ауыстыруына болады. Мұндай мүмкіндік қарастырылған", - дейді Шолпан Каринова.
Вице-министрдің сөзінше, марқұм 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап мұғалім болып жұмыс істей бастаған. Сондықтан ол жаңадан келген мұғалім ретінде санатсыз жұмыс істеген және оған аттестациядан өту міндетті болмаған.
"Біздің ақпаратымызға сәйкес, педагог өзін сауатты, талантты ұстаз ретінде танытқан. Туыстарының айтуынша, ол өз біліміне сенімді болған. Сол себепті ҰБТ-ға мерзімінен бұрын жазылған.
Осындай қайғылы жаңалықтарды пайдаланып, әлеуметтік желілерде мұғалімдердің өз-өзіне қол жұмсауының бірнеше оқиғасы туралы фейктер көптеп таралып жатыр. Бұл - жалған ақпарат", - дейді Шолпан Каринова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыдағы көлік және логистика академиясында ұлттық біліктілік тестін тапсыруға келген мектеп мұғалімдерінің бірі көз жұмғанын хабарлаған едік.
Кейін педагогтің гипертониялық ауруына байланысты емханада есепте тұрғаны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965362-bgm-biliktilik-testin-tapsyru-kezinde-koz-zumgan-mugalimge-qatysty-pikir-bildirdi/