Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аймағамбетов мұғалімдердің аттестациясын неліктен алып тастамайтынын түсіндірді

Опубликовано:

Асхат Аймағамбетов
Видеодан кадр: Youtube/Qazaqstan TV

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерді аттестациядан өткізудің маңызын түсіндіріп берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы "Жедел желі" бағдарламасында сөз болды. Министр біліктілік тестіне қатысты шешіміне қоғамда қарама-қайшы көзқарас бар екенін атап өтті.

"Біз президенттің тапсырмасы бойынша тиімділігі төмен университеттерді жауып жатырмыз, Қоғамда бұған түрлі көзқарас бар. Университеттерді жапқанымызды қоғамның бір бөлігі қолдайды, ал жабылып жатқан университет иелері бұған басқаша қарайды.

Сол сияқты егер мен әріптестеріме "біліктілік аттестациясын алып тастаймыз" десем барлығы бөріктерін аспанға атып, қуанар еді.

Бірақ бізге бұндай арзан пиар қажет емес. Біздің кейбір шешімдеріміз мұғалімдердің көңілінен шығады, кейбір мәселелер өкінішке қарай оларға ұнамайды.

Біз қиын шешімдерді де қабылдай білуіміз керек. Жалтақтау дұрыс емес. Бізге керегі баланың жақсы, сапалы білім алуы", - деп жауап берді Асхат Аймағамбетов бағдарлама барысында.

Министр істеліп жатқан жұмыстардың барлығы мектептерді сапалы мұғалімдермен қамтамасыз етуге бағытталғанын алға тартады.

"Егер баламыз жақсы білім алсын десек, мұғалімдердің біліктілігін арттырып, оны уақыт өте дәлелдеп отыру маңызды. Ұлттық біліктілік тесті — мұғалімдердің бес жылда бір рет өзі беретін пәннен тест тапсыруы. Мысалы, математика пәнінің мұғалімі математика пәнінің бағдарламасын толық білуі керек. Егер ол алтыншы-жетінші сыныптың бағдарламасын біліп, тоғызыншы-оныншы сынып бағдарламасын білмесе онда ол қалай мұғалім болып жүр деген мәселе", - дейді сала басшысы.

Аймағамбетовтың сөзінше, өткен жылы министрлік ЖОО бітіріп, педагогика бойынша диплом алған түлектерге мектепке мұғалім болып орналасу үшін біліктілік тестін тапсыруды міндеттеген. Тестке қатысқан 32 мың студенттің тек 10 пайызы ғана өз білімін дәлелдей алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966270-aimagambetov-mugalimder-attestaciyasyn-nelikten-alyp-tastamaitynyn-tusindirdi/

pixel