Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Адам айтқысыз көрініс": Талғар ауданында 22 жыл жөндеу көрмеген мектептің мұғалімдері шу шығарды

Жарияланған күні:

Кеңдала орта мектебі
Видеодан кадр: kpis_p_talgar

Талғар ауданы Кеңдала ауылындағы ғимараты жылдар бойы жөндеу көрмеген № 38 мектеп мұғалімдері мен ата-аналары шу шығарды. Оқушылар бір-бірінен алшақ, ауылдың екі бөлігінде орналасқан мектеп ғимараттарында бөлініп оқуға мәжбүр. Желі қолданушылары тозығы жеткен ғимаратты көріп, таңданысын жасырмады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

№ 38 мектептің мұғалімдері жыл сайын әкімдіктен тек құрғақ уәде естіп келе жатқанын айтады.

"Ата-аналар мына мектепті көріп, балаларын жібергісі келмейді. Биыл күрделі жөндеу жасап бере ме деп ойлап едік, алайда бізге биыл да жөнделмейтінін айтты, көңіліміз су сепкендей басылды", - дейді мұғалімдердің бірі.

Олар өз күшімен, қолдан келгенше ғимараттың осы күйін сақтап, ұстап тұрғанын алға тартады.

мектеп
Мектеп кабинетінің есігі. Видеодан кадр: Instagram/kris_p_talgar

Айта кету керек, Кеңдала ауылындағы бұл мектеп бір-бірінен алшақ орналасқан екі ғимараттан тұрады.

Бірінде жоғарғы сыныптар, екіншісінде бастауыш сыныптар білім алуда. Бірінде дәретхана тыста орналасса, екіншісінде іште бар, алайда есігі жоқ, ашық-шашық жатыр.

Бір қызығы, мектеп ғимаратында жедел жәрдем пункті де орналасқан екен.

Аталған мектеп мұғалімдерінің жанайқайын жергілікті kris_p_talgar паблигі жеткізген. Парақшада жария болған видео кадрларынан мектептің еден жабындары тоз-тозы шығып, жыртылып жатқанын, қабырғаларының сылағы түсіп, үгітіліп тұрғанын байқауға болады.

мектеп
Видеодан кадр: Instagram/kris_p_talgar

Мектептің аянышты жағдайын көрген желі қолданушылары да пікір жазудан аянбаған.

"Шынында, адам айтқысыз көрініс. Басқалар заманауи озық технологияларын көрсетіп пайдаланып мақтанып жатса, біздің сиқымыз осы. Жөндеу жұмысына зар болып отырған жайымыз бар. Болашақ ұрпақ үшін заманға сай құрал-жабдықтармен, материалдық базамен қамтамассыз етілген кабинеттер керек, күрделі жөндеуден өткізу керек немесе жаңа мектеп салып беруді талап етеміз",

мектептегі қолжуатын орын
Видеодан кадр: Instagram/kris_p_talgar

"Әскери қақтығыстан кейінгі мектепті көрген сияқтымын. Қазіргі кезде осындай мектептің болғаны ұят", "Осы мектепті көрген сайын сыртынан жүрегім ауырады. Қаншама жаңа мектеп салынды. Сонда осы мектепке ғана ғимарат беру ұмытылып кете ма деп ойлайтынмын. Кім баласын еш жағдай жасалмаған мектепке бергісі келеді? Аянышты...", - дейді пікір білдіруші оқырмандар.

Бұған қатысты Алматы облыстық білім басқармасы ресми түсініктеме берді.

"Облыс бойынша 143 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Жыл сайын 20-25 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 15-20 білім ошағы жаңадан салынады.

Талғар ауданы Кеңдала ауылындағы №38 мектеп 1974 жылы, 1987 жылдары салынған. Жоба бойынша 570 орынға арналған, қазір онда 422 оқушы оқиды.

Білім басқармасы 2020 жылы №38 орта мектепті күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 9,6 млн теңге бөлген. 2021 жылы 30 желтоқсанда мемлекеттік сараптама қорытындысы дайын болды, онда мектеп құрылысына 756,4 млн теңге қарастырылған", - делінген ведомство хабарламасында.

Облыстық білім басқармасы мәслихатқа № 38 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаражат бөлу туралы өтініш бергенін атап өткен. Басқарма қаражат бөлінген соң аталған мектеп күрделі жөндеуден өтетінін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967156-adam-aitqysyz-korinis-talgar-audanynda-22-zyl-zondeu-kormegen-mektep-mugalimderi-su-sygardy/