Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

40 жыл бірге: Кубалық жігіт қазақстандық бойжеткенді жар етіп, СҚО-да қалып қойған

Опубликовано:

Луис пен Халиданың жас кезі
Луис пен Халиданың жастық шағы. Фото: Казахстанская правда газеті

Қазақстандық Халида Шагвалеева мен кубалық Луис Орландо Аренсибия Дульсайдестің шаңырақ көтергеніне 40 жылға жуықтады. Бұл ерекше жұп СҚО-ның Мәмлүт ауданында тұрады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Казахстанская правда басылымына сілтеме жасап.

Халида Мәмлүтте туып өссе, Луис Куба елінің тумасы, ол балалық шағын Варадеро жағажайында өткізген.

Басылымның мәліметінше, Халида Шагвалеева - кәсіби журналист, көп жылдан бері аудандық газетте қызмет етеді, ал Луис - жергілікті кәсіпкер.

Олар 1980 жылдары Алматыда танысқан. Екеуі де бір университетте оқыған. Луис экономика саласында, Халида журналистика бағыты бойынша білім алған.

Бір-біріне бір көргеннен ғашық болған жастардың бойындағы сезім одан әрі махаббатқа ұласқан. Олардың махаббаты талай мәрте сыналып та көрген.

Үйленбей тұрып, Луис қатты ауырып, оған Кубаға қайтуға тура келген. Дәрігерлердің көмегімен аяққа тұрған Луис Алматыдағы оқуын Гаванадағы университетке ауыстырған. Сол уақыттарда Халиданы сағынып, оған хат жазып тұрған. Осылайша 1985 жылы ол Халиданы Кубаға шақырыпты.

"Ұшақ Гаванаға қона бергенде мен жүктерімнің түбіртегін жоғалтып алғанымды байқадым. Алайда кубалықтар мейірімді, қонақжай екен. Жүгімді қолыма алдым. Луис мені гүлімен қарсы алды. Біз оның туған елі Матансасқа жол тарттық", - деп еске алады Халида Кубаға сапары жайында.

Луиспен Халиданың шаңырақ көтеретінін естіген Мәмлүттегі оның ата-анасы қызын жақын арада көрмейтініне қайғырған.

Халида Шагвалеева Кубада мәңгіге қалмақ болады. Алайда кейінірек туған жерін, журналисттік кәсібін сағына бастайды. Оның үстіне ылғалды тропикалық климат Халиданың денсаулығына кері әсерін тигізген. Осылайша, Халидаға еліне қайтуға тура келген. Ал Луис Мәскеуге оқуын жалғастыруға аттанған. Артынша Халида да жарымен бірге болу үшін жанына ұшып барған.

КСРО ыдыраған соң, 1990 жылдардың басында жас отбасы Мәмлүтке қоныс аударуды шешкен.

Луиске солтүстік Қазақстанның табиғаты ұнапты. Алайда бастапқыда 30 градустық аязда сыртқа шығуға тәуекел етпегенін еске алады. Кейін оған да үйренісіп кетіпті.

"Қазақстан - менің отаным. Бұл түрлі ұлт өкілдері бейбіт, тату-тәтті өмір сүретін керемет ел. Халқы өте қайырымды, еңбекқор. Ал жаныңда сүйіктің, отбасың болса, бұл - нағыз бақыт. Басында маған қиын болғанын жасырмаймын, өйткені тіліміз де, менталитетіміз де әртүрлі. Бірақ оның бәрін тек махаббатпен жеңуге болады", - дейді Луис.

Ерлі-зайыптылардың Артуро Эмилио есімді бір ұлы бар.

Авторы: Андрей Кратенко

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967378-40-zyl-birge-kubalyq-zigit-qazaqstandyq-boizetkendi-zar-etip-sqo-da-qalyp-qoigan/

pixel