Тәрбиешінің баланың басына домбыра лақтырғаны рас па: Желіде тараған видео қызу пікірталас тудырды
Жарияланған күні:
Желіде Алматы облысында кішкентай баланың басына домбыра тиген сәттің видеосы тарады. Кадрда оған музыкалық құралды нақты кім лақтырғаны көрінбейді. Оқиғаның мән-жайын өңірлік полиция департаменті баяндады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бейнебақылау камераларына түсіп қалған видео кадрларынан орындықта бір қатарда отырған балаларды көруге болады. Сол сәтте олардың бірінің басына ойыншық домбыра тиеді. Артынша жан даусы шыққан балаға жас әйел жақындап, құшақтай бастайды.
Әлеуметтік желідегі жазба авторының сөзінше, бұл видео 28 сәуір күні Қарасай аудандық балабақшалардың бірінде түсірілген. Сондай-ақ жазбада баланың ауыр бас сүйек-ми жарақатын алып, ауруханаға түскені де айтылады.
Видео желіде қоғамдық резонанс тудырды. Көпшілік балаға домбыраны тәрбиеші лақтырды деп топшылаған.
Бұл жайтқа қатысты Алматы облыстық полиция департаменті пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, баланың жарақат алып, ауруханаға түскені туралы ақпарат жалған. Баланың ата-анасының да тәрбиешіге ешқандай шағымы жоқ. Олар мұны жазбаша түрде растаған.
"Қарасай ауданының полицейлері тиісті тексеріс жұмыстарын жүргізді. Балабақшада 1 мамырға арналған ертеңгілік шараға дайындық жүріп жатқан. Домбыра жеңіл материалдан жасалған ойыншық болып шықты. Тәрбиешінің сөзінше, домбыра баланың басына байқаусызда тиіп кеткен. Бала зардап шекпеген. Бүлдіршіннің ата-анасы балабақша қызметкеріне ешқандай шара қолданбау туралы өтініш жазды", - дейді өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Десе де, ведомство балабақша басшылығына тәрбиешіні тәртіптік жауапкершілікке тарту қажеттігін айтқанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967433-tarbiesinin-balanyn-basyna-dombyra-laqtyrgany-ras-pa-zelide-taragan-video-qyzu-pikirtalas-tudyrdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.