Қазақ солдатына тұрмысқа шығып, Қызылордаға келін болған молдован қызы жайлы не білеміз
Жарияланған күні:
83 жасқа аяқ басқан Надежда Калкузова Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында тұрады. Қазақ солдатына тұрмысқа шығып, қазаққа келін атанған молдован қызы бүгінде сегіз баланың анасы, немере, шөберелерінің сүйікті әжесі. Сәби кезінде жетім қалып, балалық шағы соғысқа тап болса да тағдырдың қиындығына мойымаған кейуана KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, барша отандастарын бірлік күнімен құттықтады.
Надежда Дмитриевна 1939 жылы 20 қаңтарда Молдованың Вулканешты аймағына қарасты Чишма ауданында дүниеге келген. Екі жарым жасында ата-анасынан айырылады. Жеті жасқа қарағанда оны туыстары балалар үйіне тапсырған.
Жеті жылдық мектепті бітірген соң Надя әжей ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсіп, аталған білім ордасында төрт жыл оқиды. Талапты әрі еңбекқор жасқа жұмыс та дереу табылған. Ол өзі туып-өскен Вулканешты аймағында агроном болып еңбек ете бастайды.
"1960 жылы Молдовада әскери борышын өтеп жүрген қазақ солдатымен танысып, екеуміз отау құрдық. Отасқан жарымның есімі - Қалдыбек Қалкузов. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасы еді. Тұңғыш қызымыз Наталья Молдовада дүниеге келген соң, жолдасыммен бірге Қазақстанға қоныс аудардым.
Себебі, әке-шешеден ерте айырылған соң, күйеуімнің анасының шапағатын көргім келді. Осылайша, 1963 жылы Жаңақорғанға қоныс аудардық. Содан бергі өмірім осы ауданда өтіп жатыр. Үйлі-баранды болдым, келін түсіріп, немере, шөбере сүйдім. Небір қиындық бастан өтті, десе де, тағдырыма ризамын. Қазақ ұлтына келін атанып, мұсылманшылыққа бет бұрдым. Мен үшін осыдан артық бақыт жоқ", - дейді ол.
Надя әжей қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне бірден бейімделіп кеткенін айтады. Отыз жыл бойы ауылшаруашылығы саласында жұмыс істеп, енесіне қызмет етіп, сегіз баланы дүниеге әкелген.
"Ауыл өміріне, қазақ халқының тіршілігіне дереу үйреністім. Сиыр сауу, табаға нан жабу, күбі пісу, тандыр нан пісіру алғашында қиын көрінген. Кейін дөңгелетіп әкеттім. Қайын енеммен бірге тұрдық, сол кездер де мен үшін өмірлік сабақ. Үлкендердің батасын алып, солардың жол көрсетуімен осы күнге жеттік. Небір қиын заман бастан өтті.
Бірақ қазіргі бейбіт күнімізге, алға озған заманымызға ештеңе жетпейді. Бала кезі соғысқа тап болған, ата-анадан ерте айырылған адам ретінде айтып отырмын мұны. Қазір мен елімнің тыныштығын, балаларымыздың амандығын тілеймін. Амандық пен сыйластықтан артық ештеңе жоқ. Бүгінгі бірлік күнінде барша халқыма жақсылық тілеймін. Бірлігіміз ажырамасын", - дейді әжей.
Бүгінде Надя ана сегіз баласынан 35 немере, 16 шөбере сүйіп, әр күніне шүкірлік айтудан шаршамайтын бақытты әжеге айналды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967586-qazaq-soldatyna-turmysqa-sygyp-qyzylordaga-kelin-bolgan-moldovan-qyzy-zaily-ne-bilemiz/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.