"Ол - дарақылық": Дінтанушы ауызашардың той-томалаққа айналып кеткенін айтты

Опубликовано:

Кеңшілік Тышқанұлы
Кеңшілік Тышқанұлы. Видеодан кадр: Qazaqstan ұлттық телеарнасы

Белгілі теолог Кеңшілік Тышқанұлы ауызашар беруде орын алған өзгерістерді сынады. Дінтанушының сөзінше, ауызашар той деңгейіне көтеріліп бара жатыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Кеңшілік Тышқанұлы 1001 түн бағдарламасының эфирінде оразаның мазмұны туралы айтып берді.

"Діннің негізгі бөлігі құлшылықтан тұрады. Ораза, әсіресе, сол құлшылықтың ішіндегі ішкі жан дүниеге үңілетін ерекше құлшылықтың формасы. Кедей мен байдың арасын жалғау үшін, ашаршылықтың не екенін түсіну үшін, құдайдың берген нығметі - қара судың да қадірін түсіну үшін деген миссияға қойылған құлшылық қой. Сондықтан онда аста-төк дүниелерге қарай ауытқу - негізінде, діннің негізгі миссиясынан ауытқу деген сөз", - дейді ол.

Оның пікірінше, қазір ауызашарды аста-төк етіп жасау сәнге айналған.

"Ауызашар той-томалақ форматына ауысып кеткен. Бұл - мазмұны жағынан басқа дүние. Ертең бұл асқынатын болса, той деңгейіне көтеріп алуымыз мүмкін, несиеге ауызашар жасауы мүмкін. Өйткені "Сондай деңгейдегі ауызашарды енді мен де беруім керек" деген ой қалыптасады. "Бәленше бәленбай адамға ауыз аштырыпты" деп, жарысқа тез бейімделетін халықпыз.

Керек десеңіз пайғамбардан үлгі алу керек. Аш болса, асқазанына тас байлап жүрген. Үлгіні әулиелерден алу керек. Өзіміздің ақын-ишандарымыздан алу керек. Әйтпесе, үлгі болу - бес жұлдызды қонақ үйде жатып, қажылыққа барып, 500 адамға шапан кигізу емес. Керісінше, ол - дарақылық. Ол дінде жоқ.

Біреу нан таба алмай отыр, біреу ауызашар таба алмай отыр. Біреу жетімдер үйінде жылап отыр. Сіз келіп, мына жақта VIP ауызашар жасап отырсыз. Оны ертең Алла тағала бізден сұрайды. Сондықтан өзіңе жайлыны, діннің мүддесін өзіңнің қалтаңа қарай бұрудың қажеті жоқ", - деді теолог.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967949-ol-daraqylyq-dintanusy-auyzasardyn-toi-tomalaqqa-ainalyp-ketkenin-aitty/