Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Эстафетаны шөберелеріне бердік": Алматы облысында 100-ге келген әжейдің мерейтойын немерелері жасап берді

Опубликовано:

Күлпара әже немере келіндерімен
Күлпара әже немере келіндерімен. Фото: Тақабай әулетінің мұрағатынан

Алматы облысы Ұзынбұлақ ауылында 100 жасқа келген әжей тұрады. Ғасыр жасаған Күлпара әжей ел тарихындағы көптеген оқиғаның куәсі болған. Жақында әулеттің немерелері әжейдің мерейтойын дүркіретіп жасап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

1922 жылы дүниеге келген Күлпара әже өткен ғасырда ел басына күн туған кезеңдердегі бар қиыншылықты көзімен көрген жан. Жары Тақабай майданға кеткенде әжей күйеуінің қарашаңырағына ие болып, ата-енесін баға жүріп, колхоздың қара жұмысынан қол үзбеген.

"Мен соғыс күйіп тұрған кезде, 1942 жылы 16 жасымда осы шаңыраққа келін болып түстім. Жалғыз бауырым бар еді. Өзі соғысқа аттанарда мені ең болмаса басына орамал салғанын көрейін деп, 16 жасымда тұрмысқа берді. Сол жылдары ауылымызда ер азамат қалмады, тек бала-шаға мен қариялар болды. Тұрмыс қиындап, елдің жағдайы нашарлады", - деп еске алады Күлпара әже өткен күндерін.

Күлпара әже
Күлпара әже. Фото: Әулеттің жеке мұрағатынан

Ұзақ жылдар бойы Кеген ауданында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан әже жары, екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Тақабай атамен бірге 13 бала тәрбиелеп өсірген. Тақабай ата да бала-шағасының қызығын көріп, 94 жасында өмірден өткен.

Ғасыр ғұмырын артта қалдырса да ардагер әже әлі де қайратты.

"Жолдасым соғысқа кетерінде мені орнына мұғалім қылып кеткен. Бала оқыттым. Қиыншылығы болды, аш та болдық, жалаңаш та болдық. Әйтеуір тірі болғаннан кейін бәрін жеңіп шықтық. Қазір құдайға тәубе", - дейді әжей.

Тақабай ақсақал 1943 жылы соғыстан аман-есен оралған соң мұғалімдік қызметін жалғастырған.

Күлпара әжей жолдасымен бірге қартайғанша бие сауған, айтуынша дастарханынан қымыз үзілмеген.

"Қай жерде отырсақ та бие сауып, қымызын іштік, ағайын-туған елге бердік. Береке ғой қымыз деген. Қымыз үзілген жоқ", - дейді әжей.

Тақабай атаның әулеті
Фото: Әулеттің жеке мұрағатынан

Жақында Күлпара әженің 100 жас мерейтойы болып өтті. Айта кетерлігі, тойды осы жолы немерелері ұйымдастырыпты.

"Әжемнің 85 жас тойын осыдан 15 жыл бұрын балалары ауылда жасаған еді. Сол кезде немерелерінің төлбасы Айбек деген ағамыз "Енді 100 жасқа келсе, әжемізге біз той жасаймыз" деген болатын. Сол күн туып, осы жылы наурыз айында әжемнің қолында тұратын немересі Берік ағамыз тойға дайындықты бастады. Мерейтойды мамыр айына белгілеп, дүркіретіп атап өттік. Енді эстафетаны шөберелеріне табыстадық. Әжем бұйыртып 115-ке келсе, тойын шөберелері жасайды", - дейді Күлпара әжейдің немересі.

Күлпара әжей өзінің ұзақ жасауының сырын да айтты.

"Бірінші - маған жас берген Алла, екіншіден, адам 100-ге келем десе, сергек болуы керек", - дейді ол.

Қазіргі таңда Күлпара әжеден тараған ұрпақ өсіп-өніп, тамырын тереңге жайған, үлкен әулетке айналған. 13 ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана немере шөбере, шөпшек неменесін қосқанда 200-ден астам ұрпақтың асыл қазынасы, шөпшектің қолынан май жалаған ардақты әже.

Күлпара әженің ендігі тілегі - елінің амандығы, ұрпағының өсіп-өнгені.

"Елім аман болсын, жұртым тыныш болсын. Бейбітшілік болсын, халқыма, еліме, жұртыма жеріме сызат түспесе екен. Балаларым бақытты өмір сүрсе екен деп тілеймін. Біз бала күнімізде бәрін көрдік. Енді осы ұрпақ оны көрмесе екен, заманы тыныш болса екен, елі бақытты болса екен, өсіп-өнсе екен деп тілеймін", - дейді әжей.

Қазір Күлпара әжей немересі Берік пен келінінің қолында тұрады.

"Немере келінімнің қолында тұрамын. Келінім шаңырағын шайқалтпай, келген кісілерін ренжітпей осы үлкен үйді ұстап отыр. Берік екеуі бар күштерін салып, мені бағып жатыр. Жақсы қарайды. Орамалымды кірлетпейді. Жақсылап шайын да береді", - дейді ғасыр жасаған әжей.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968775-estafetany-soberelerine-berdik-almaty-oblysynda-100-ge-kelgen-azeidin-mereitoiyn-nemereleri-zasap-berdi/

pixel