"Көрер жарығы бар екен": Елордада терезеден құлауға шақ қалған 3 жасар қызды құтқарған азамат мән-жайды айтты
Жарияланған күні:
Елордада жоғары қабаттан құлауға шақ қалған үш жасар қыз баланы құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі батылдық танытқан ер адамға хабарласып, оқиғаның мән-жайын сұрап білген.
Сәбит Шонтақбаев астанаға жұмыс іздеп келген екен. Екі апта бұрын "Қамал-2" тұрғын үй кешенінен пәтерді жалға алған.
"Мен өзім сегізінше подъезде пәтер жалдап тұрамын. Ал бүгінгі жағдай екінші подъезд болған", - дейді ол.
Сәбит сағат 10:00 шамасында жұмысқа бару үшін үйінен шыққанын айтады. Сол кезде далада бірнеше адамды көрген екен. Барлығы жоғары жаққа қарап, айқайлап тұрыпты.
"Қарасам, жоғары қабатта бала салбырап тұр. Бар ойым тек баланы құтқару болды. Содан бірден жетінші қабатқа көтеріліп, терезеден шықтым да, баланы қағып алдым. Баланы сол жетінші қабаттағы көршісіне қалдырдым да, жұмысқа асығып кетіп қалдым", - дейді ол.
Сәбиттің айтуынша, қорқыныш пен үрейге уақыт та болмаған.
"Шамамен 10-15 минуттай салбырап тұрды-ау деймін. Баланың көрер жарығы бар екен, несібесі ғой", - дейді ер адам.
Сәбит бұрын әскерде келісімшартпен жұмыс істеген, теміржол саласында да еңбек еткен. Қазір Нұр-Сұлтанда жұмыс іздеп жүр.
"Мен өзім моторист болып та істеген адаммын. 2017-2019 жылдары Қызылордада шекара әскерінде келісімшартпен жұмыс істедім. Оған дейін вагон депосында бригадир болдым. Ал астанаға құрылысқа жұмыс іздеп келдім. Бала-шағаны асырау керек", - дейді ол.
Сәбиттің төрт баласы бар. Төртеуі де Қызылордада қалған. Отбасы пәтер жалдап тұрады. Ал отағасы астанаға ақша табуға келген.
"Шамамен, 15 күндей болды келгеніме. Қазір құрылыста қара жұмыс істеймін. Тұрақты жұмысым жоқ", - дейді Сәбит.
Айта кетейік, бұған дейін елордада терезеден құлауға шақ қалған үш жасар қызды Сәбит Шонтақбаев есімді ер адамның құтқарып қалғанын жазған едік.
Ол бүлдіршінді аман алып қалу үшін өз өмірін қатерге тіккен. Сәбитті бұл ерлігі үшін Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаменті марапаттамақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968810-korer-zarygy-bar-eken-elordada-terezeden-qulauga-saq-qalgan-3-zasar-qyzdy-qutqargan-azamat-man-zaidy-aitty/